Шымкент базарларында қауын, қарбыз сатыла бастады. Ерте піскен әуес асты жергілікті халық жапатармағай сатып алып жатыр. Алайда санитар мамандар сауда орындарына шығарылған бақша өнімдерін арнайы зертханада тексеруде. Адам ағзасына айтарлықтай зиян емес. Дегенімен, көп жеуге болмайды деген кеңес берілді.
«Жібек жолы» көтерме сауда базарында қауын, қарбыз тиелген жүк көліктері қаз-қатар тізіліп тұр. Ерте піскен бақша өнімдері Жетісайдан жеткізілген. Дихандар тауарларымыздың денін Ресейге және еліміздің солтүстік өңірлеріне тасымалдап жатырмыз дейді. Әуес асқа жергілікті нарықта да сұраныс зор. Алайда мамандар бұл өнімдерді тұтынғанда сақ болуды ескертеді.
Мұсабек Балғазиев, дихан: «Биылғы өніміміз сәл кештеу пісті. Алғашқы өнімді Ресейге жөнелттік».
Биыл оңтүстіктің дихандары базарларға өнімдерін жылдағыдан кештеу әкелген. Айтуларынша, ауа — райының жауын-шашынды болуы және салқындығынан дақылдар кеш пісіпті. Алайда бағасы өткен жылдағыдан арзандау. Қарбыздың көтерме құны 60 теңгеден, қауын 80 теңгеден саудаланып жатыр. Саудагерлер былтыр осы уақытта өнімдердің қымбаттау сатылғанын айтады.
Ұлтай Мамытқызы, зертхана меңгерушісі: «Әрине қауынның да, қарбыздың да нитраты нормадан аздап ауытқиды. Бірақ ол адам ағзасына айтарлықтай қауіпті емес. Тек мөлшермен жеген дұрыс».
Бақша өнімдерін тұтынуда абай болуды ескертіп отырған мамандар әсіресе айран-сүт, қымыз-қымыран және спирттік ішімдіктерден кейін көкөніс жеуге болмайды дейді. Бақша өнімдерінің нитраты әр адамның ағзасына әр түрлі әсер ететіндіктен шілдеге дейін тек десерт ретінде ғана пайдалануға кеңес береді.
Нұрлан Күдерұлы