Газ жарылысынан зардап шеккен жігіттің жағдайы ауыр

206

Шымкентте газ сақтау цистернасы өртке оранды. 40 тонналық көк отын цистернасы қатты қызып,соңы жарылысқа ұласқан. Оқиға орнына 10-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды.

Жарты сағатта оқиға орнына келген өрт сөндірушілер қызыл жалынмен бір сағаттан астам уақыт арпалысты. Ең жоғарғы қауіптілік дәрежесі берілген өртте бір адам зардап шеккен. Ол осы бекеттің қызметкері

Жойқын жарылыс болған бекет «МУРАЗ» ЖШС-не тиесілі. Онда әр қайсысының сыйымдылығы 200 текше метр болатын екі цистерна болған. Оған қоса газ сақтау қоймасының аумағында тұрған 2 автоцистерна мен 50 текше метрлік 2 цистерна да жарылды.

Мадина Ермаханбетова, Т.Орынбаев клиникасы гипербарикалық оксигенация бөлімінің дәрігері: «Зардап шеккен азаматты жедел жәрдеммен алып келді. Қазіргі таңда жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы аса ауыр».

Қызыл жалынды ауыздықтау үшін арнайы штаб құруға тура келген. Осының алдында ғана қаланың өрт сөндірушілері мұнай зауытында алапат өрттің алдын алу бойынша жаттығу өткізген еді. Сондықтан болар қызыл жалынды 21 арнайы техниканың көмегімен 1,5 сағатта толықтай сөндірілді. Оқиғаның мән-жайын мамандар зерттеп жатыр. Әзірге денесінің барлық жері күйіп қалған 20 жастағы жігіттен өзге зардап шеккендер туралы дерек жоқ.