Кәсіпкер балалар жәрмеңкеден түскен пайданы қайырымдылыққа жұмсайды

229

Бүгін Шымкентте 1 маусым — халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында балалар жәрмеңкесі өтті. Жəрмеңке «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен Шымқалада екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңкелер орталығына айналған Арбатта 6 мен 14 жасқа дейінгі 90 бала-кəсіпкер өз өнімдерін ұсынды

Мұның алдында ұйымдастырлыған жәрмеңкеге 70 бала қатысқан болатын. Араға уақыт салып ұйымдастырылатын жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген балалар қатары артып келеді.

Балалар өз қолдарымен жасаған дүниелерін келушілердің назарына ұсынды. Түрлі тәттілер, ойыншықтар, әсемдік заттарына қызығып, сатып алушылар да көп болды.

Кәсіпкер балалар тек пайда тауып қана қоймай қайырымдылық жасауды да естен шығармады. Саудадан түскен қаржының 10 пайызы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатта робототехника кабинетін жабдықтау жөніндегі жобаны қаржыландыруға жұмсалады.