Эстониялық медицина ғылымдарының докторы Маргус Аннук Шымкентке жұмыс сапарымен келді. Халықаралық маманның келудегі мақсаты — өңірлік ақ халаттыларға Еуропалық Денсаулық сақтау құрылымын таныстырып, Қазақстанда медицинаны басқару моделін енгізу.
Халықаралық дәрежедегі маман Маргус Аннук Шымкенттегі әріптестерін медицинадағы ІТ технология саласындағы жұмысымен таныстырды. Эстониядан келген ғылым докторы — медициналық препараттарды әзірлеуші әрі көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Шымкент қаласының флебология және лазерлік медицина клиникасына қонаққа келген ол қазақстандық медицинаның қазіргі заманғы еуропалық денсаулық сақтау саласына қарай ойысуына ықпал жасамақ.
Маргус Аннук, медицина ғылымдарының докторы: «Мен көп жылдар бойы неврология мен урология бағыты бойынша жұмыс істедім. Қазір синотивті медицинамен айналысамын. Флебология және лазерлік медицина клиникасына мені арнайы шақыртқандары үшін рақмет! Мен жаңа жерге келгенде, жаңа идеялармен қайраймын. Тәжірибеммен бөлісемін».
Шымкенттік дәрігерлер шетелдік маманға қолданысқа жаңа енген лазерлік жабдықтарын көрсетті. Оның арқасында науқас операциядан кейін тез қалпына келеді. Ең қызығы, хирургиялық отадан кейін ешқандай із қалмайды. Шетелдік қонақ эстетикалық медицинадағы проктология мен флебологиядағы жаңа әзірлемелермен де танысты.
Әлімжан Ырысметов, “Фитофарм” компаниясының жетекшісі: “Біз мұны өзімізге қойған маңызды міндеттердің бірі ретінде алып отырмыз. Дамыған еуропалық елдерден халықаралық деңгейдегі мамандарды тарту процесіне барынша қатысу және арнайы ақпарат, білім алмасуда тәжірибемен бөлісу жолдарын қолға алдық. Міне, денсаулық сақтау саласындағы дәрігер Маргус осындай маман”.
Маргус Аннук Шымкенттегі флебология және лазерлік медицина клиникасының жұмысына риза. Оның бағалауынша бұл жерде барлығы бар: емделушілерге берілетін кеңестен бастап, сауығу және науқасты толық емдеу кезеңінде медициналық-санитарлық жүргізуге дейін ескерілген.