Жарылыстан босыған Арыс қаласының тұрғындары Шымкентке қашып келді. Бас сауғалағандар қалаға түрлі жағдайда жеткен. Көлікке сыйғандар ішіне мініп, сыймағандары үстіне жармасып жан сауғалапты.
Шымкентке күндізгі 12:00-ден өте көліктер лек-легімен ағыла бастады. Толассыз келіп жатқан жеңіл көліктерден көшелерде кептеліс те туған. Бұлардың барлығы да Арыс қаласынан жан сауғалаған жұрттар. Шыбын жанын аман алып қалғысы келгендер көлікке мініп, сыймағандар сыртына жармасып жетіпті. Олардың арасында жүксалғышта жатып келгендері де бар.
«150-200 адам бас сауғалап қаштық. Аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балалар Арыстың қырында жатыр. Оларға көмек беруге ешкім келіп жатқан жоқ. Бізге беріп жатқан ешқандай да көмек жоқ. Біз қайта мына мәшинеге мініп үлгердік» дейді арыстықтардың бірі.
Көлікке қол жеткізбегендер жаяу-жалшылап Шымкентке келді. Арасында көпбалалы аналар да бар.
«Қалада тұрғанның пейілі тарылып кетеді» деген сөзідің бос әңгіме екені осындайда көрінді. Мегаполис тұрғындары қалаға кірер жолда жарылыстан қашқандарға ауызсу таратып, үрейлі жұртты сабырға шақырды.
Назерке Үкібасова