1997 жылы туылған Сарыағаш ауданының тұрғыны мойнында түйін пайда болғанда, алғашқыда мән бермеген. Ауырмайды, сосын жүре берген. Бірақ әлгі түйін бірте-бірте үлкейе бастайды.

Содан қазақша ем жасап көреді. Егіз бала тапқан әйел тепсе кетеді деген ырыммен тепкі жасатады. Алайда ешқандай нәтиже болмайды.

Арада 1,5 ай уақыт өткенде, аудандық емханаға барса, УЗИ қорытындысы мойнында үлкен без бар екендігін анықтайды. Дәрігерлер алып тастауға болады, бірақ еттің арасына кіріп кеткен деп, әрі көлемі үлкен болған соң қауіптеніп, қалаға жолдамамен жібереді.

Осылайша науқас Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханасының бет-жақ хирургиясы бөлімшесіне түсті. Дәрігерлер мұнда мойындағы безді компьютерлік томографияға түсіргенде, көлемі өте үлкен екендігін анықтайды.

Бет-жақ хирургиясы бөлімшесінің дәрігері Арман Жумаевтың айтуынша, диаметрі 12 см болатын мойындағы киста соңғы 5 жылда бізде кездеспеген. Әрі кистаның түбі омыртқаға қарай тереңдей түскен екен.

Оны оқшаулау үшін жасалған күрделі операция үш жарым сағатқа созылды. Арман Болатбекұлы бастаған хирургтер асқан ептілікпен және шеберлікпен кистаны мойыннан толық алып тастады.

Қазір науқастың жағдайы жақсы, еш жері ауырмайды, жақында ғана үйіне жіберілді. Жалпы, мұндай операция біздің клиникада бұрыннан жасалады. Алайда көлемі өте үлкен киста сирек кездесетін жайт.