ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында қайта даярлау курсын аяқтаған тыңдаушылардың Жобалары талқыланды.

Келелі кездесуге киелі мекенге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев, Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Альтаир Ахмет, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғаммен байланыс Департаментінің директоры Арман Бердалин қатысты.

Қорғау барысында 6 жоба тыңдалды:

I-Shatyr (intellect shatyr). Яссауи кесенесі маңайына ыстық ауа райынан, күн сәулесінен қорғайтын жасанды көлеңке – тенттер орнату. Бұл Меккеде ғана жүзеге асырылған жоба.

«Jan uia» әлеуметтік отбасылық ауылы». Қарттар үйі мен балалар үйін біріктіріп, жылуға зәру екі жақты мейірімге бөлеу. Жоба Жапонияда жүзеге асырылып келеді.
«EKO-Jai». Бәйдібек ауданында туризмді дамыту мақсатында экологиялық, арзан демалыс үйлерін салу.

«Көп балалы отбасыларға жәрдем ақыны алуды оңтайландыру». E-GOV жүйесіне жәрдемақы алу жеңілдету үшін көпбалалы аналарға арналған қосымша функция ашу.
«Таза сана, таза қала». Кентау қаласында қоқыс шығару жүйесін автоматтандырып, цифрландыру бойынша арнайы бағдарлама енгізіп, жұмыс тиімділігі мен есептілігін қамтамасыз ету, халықты тазалыққа баулу.

«EthnoVillage» ұлттық-мәдени орталығы. Туристтерді тарту үшін Яссауи кесенесі маңайына арнайы этноауыл жасау.

Жоба қорғаған әр тыңдаушылар өз еңбектерін арнайы файлдарға салып құрметті қонақтарға ұсынды. Әрі қарай Жобаларын слайд арқылы көрсетіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптарын берді.

Ұсынылған Жобалардың ерекшелігі – басым бөлігінің әлеуметтік бағытта болуы, яғни бұл жобалар жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жиын барысында Академия ректоры АЛЬТАИР АХМЕТ оқыту кезінде туындаған идеялардың тың бастама екендігін алға тартып, академия еңбегінің оң бағаланғанына ризашылық білдірді.

Айта кетейік, талқыланған жобалардың ішінен бірқатары мақұлданып, іс жүзінде оларды әрі қарай жүзеге асыру ұсынылды.