Президенттің назарына іліккен шымкенттегі шикілікке қатысты әзірге шара қолданылмайды. Еске салар болсақ, мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері ұлғайып, оны алушылар тізімі қайта жасақтала басталғалы Шымкентте ажырасқандар саны көбейген.
Атаулы әлеуметтік көмек төңірегіндегі алаяқтық мәселесіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың назары түсіп, тиісті шара көру туралы Үкіметке тапсырма берген еді. Биліктің пәрмені біздегі жауаптыларды ойландырудан әріге аса алмай тұр.
Шымкентте ажырасуға ниеттілер саны күннен-күнге артып келеді. Бұл туралы Еңбекші ауданыгың соты мәлімдеген болатын. Бар гәп мемлекет көмегін алу екен. Жаға ұстатарлық жаңалықты естіген Қазақстан президенті де бұл туралы ойын білдірген. Бірақ, берілген пәрмен жауаптыларды әлі де іске көшуге түрткі бола алмай отыр.
Айта кетейік, әлеуметтік көмектің қос түрі болады. Олар шартты және шартсыз. Дәл осы елді елең еткізген ажырасу дауы шартсыз жәрдемақыға жатады.
Мамандардың айтуынша былтыр қаңтар мен сәуір аралығында Шымкентте 235 отбасы ажырасқан болса, биыл осы мерзім ішінде неке бұзғандардың саны 300-ге жеткен.
Назерке Үкібасова