Енді Шымкентте аптаның әр сәрсенбісінде жәрмеңке өтеді. Онда қала тұрғындары арзан бағада азық түлік сатып ала алады. Еңбекші аудандық әкімдігінің үйымдастыруымен өтетін жәрмеңке таңғы сағат 7:00 — ден басталады. Сайрамдықтар тіл үйіретін дәмді бау — бақша өнімдері мен шұжықтарын әкелсе, қазығұрттық кәсіпкерлер ет өнімдерін саудалайды.
Тап осындай жәрменке Шымкентте осыменен үшінші мәрте өтіп жатыр. Алғашқы екі сауда көрмесі сатушылардың ойындағыдай болмап еді. Айтуларынша тұрғындардың көпшілігі бұл жаңалықтан бейхабар болған. Ал жақын маңайдың тұрғындары осы күнді асыға күтетінін жасырмады. Тауар сапасы жоғары, бағасы көңілге қонымды дейді.
Жәрмеңкеге келушілердің санын арттыру уақыт еншісіндегі мәселе. Тек ұйымдастырушылардың базынасы да бар. Кәсіпкерлер сауда-саттық кешкі сағат 17:00- ден кейін басталса дейді. Өйткені күндіз азаматтардың көбі жұмыста болатыны айтпаса да түсінікті. Бұл алыстан арбалатып келген саудагерлерге тиімсіз болып тұр.
Шаһар басшылығының басты мақсаты қалалықтарды арзан бағадағы сапалы азық -түлікпен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда қаланың төрт ауданында да осындай жәрмеңкелер ұйымдастырылған. Ол дегеніміз, қала аумағында аптаның төрт күнінде жәрменке өтеді.
Нұрлан Күдерұлы