Қаратау ауданында кәсіпкерлер электронды кассалық жүйеге ауысуға құлықсыз. Осы аумақта 8 мың салық төлеуші тіркелген болса, бизнес өкілдерінің небәрі 10 пайызы ғана сауда жасауда жаңа жүйені пайдаланады. Бұл туралы бүгін Қаратау аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдерінің кәсіпкерлермен басқосуында айтылды.
Мамандар бизнесмендерді электронды шот фактуралар жазу, виртуалды қойма бойынша тиісті заңнамаларға енгізілген өзгерістермен таныстырды. Салаға жауаптылар кәсіпкерлердің салық төлеуден жалтаруына тұсау салу үшін қосылған құн салығын төлеушілердің шот-фактураларын тек электронды түрде өткізуге міндеттеуде. Бұл өз кезегінде қазына қазанына түсетін қаржыны арттыруға көп септігін тигізеді дейді мамандар.
Қайрат Құдияров, Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы: «Негізгі мақсатымыз — 2019 жылдан бастап салық кодексіне енгізілген өзгерістерді түсіндіру. Елбасының жарлығымен салық рақымшылығы жарияланғаны белгілі. Ол қандай жағдайда қолданылатынын, бақылау касса машиналарын қолдану, қосымша құн салығы, электронды шот — фактура тапсыру бойынша толық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі».
Г.Жұмаш