Сарқыт аларда абай болыңыз!

1307

Бәрімізге белгілі, қонақжай қазағымыз той өткізерде, қонақ күтерде қыс пен жазға қараған емес. Алайда, көбі ауа-райының жайлылығына және жеміс-жидектердің пісуіне орай, той өткізу үшін жылы мезгілді таңдап жатады.

Осындай тойлар, айт, түрлі мерекелер болғанда шақырылған қонақтың үйіндегі бала-шағасына, келіндеріне дастарханнан ауыз тисін деп сарқыт ала келетіні бәрімізге мәлім.

Сарқыт — дәстүрлі қазақ қоғамындағы ежелден келе жатқан салттардың бірі. Тойдан, айт мейрамынан ырымдап кәмпит, құрт сияқты дәмнен алып, үлкен кісілер үйдегі балалары мен келіндеріне әкеліп, «сендер де осындай тойға жетіңдер» деген ырыммен ауыз тигізеді.

Дастархан қонаққа арналып жайылады, көпшіліктің несібесі болғандықтан, сарқыт алған дұрыс та шығар. Ол – әркімнің өз қалауы. Бірақ, сарқытты да сақтанып алған жөн. Яғни, сарқыт аларда дастарханнан тез бұзылатын тағамдарды алмауға шақырамыз.

Жылы мезгілдерде ауа температурасының көтерілуіне байланысты тез бұзылатын әр алуан тағамдарды (қаймақ, сүзбе, жалпы сүттен жасалған өнімдер, майонез қосылған салаттар, кремді кондитерлік бұйымдар, котлеттер, тауық еті, балық еті) тасымалдау, сақтау барысында температуралық режимнің сақталмауы тағамның бұзылуына алып келеді. Сондай-ақ, бактерия тасымалдаушы лас қолдар арқылы жіті ішек инфекциясы мен тамақтан улану ауруларының тууы мүмкін.

Сондықтан, тағамды дайындаған күні ғана асқа қолданған дұрыс, ал, қалған тағамдарды 6-12 сағаттан астам уақыт салқын жерлерде сақтауға болмайтындығын, салқын жерде 12 сағаттан артық сақталған тағамды қолданар алдында жақсылап қайнату немесе қуыру қажеттігін ескерте отырып, жаз мезгілінде тағамнан уланудың алдын алу үшін тағамның сақталуына және қолдану мерзіміне аса мән беріп қарауларыңызды сұраймыз.