Шетел азаматын тонағандар ұсталды

127

Қазығұрт АПБ-нің кезекшілік бөлімшесіне көрші елдің азаматы хабарласып белгісіз азаматтардың оны тонағанын айтады. Жәбірленушінің сөзіне сенсек, шетел азаматы «Колос» ауданының аялдамасынан Шымкент қаласына қарай кетіп бара жатқан «Ауди» көлігін тоқтатып, Сарыағаш ауданындағы шекараға дейін жеткізуін сұраған. Автокөлікте жүргізушіден бөлек екі жолаушы болған. Ештеңеден күмәнданбаған жігіт көлікке отырады. Алайда, Қазығұрт ауданына жетпестен жүргізуші көлікті басқа жаққа қарай бұрып жіберіп, сонымен қатар өз сыбайластарымен бірге жәбірленушіні ұрып соғып жол сөмкесі мен 300 мыңнан астам ақшасын тартып алған. Осылайша еразаматты дымсыз егістік алқабына тастап кетіп, оқиға орын алған жерден бірден іздерін суытқан.
Аталған жайт, Қазығұрт АПБ-не ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша СДТБТ-не тіркелді. Сақшылар қылмысты дер кезінде ашу мақсатында және шетел азаматының үйіне оралуына көмектесу үшін, Түркістан облысы Криминалдық полиция қызметкерлері мен ЖПҚ учаскелік полиция инспекторларының арасынан тергеп-тексеру тобын құрды. Тәжірибелі мамандар ауданнан шығар аймақтарды, жәбірленушінің жүрген жолы мен мінген көлік аймағын тыңғылықты тексеріп, жүргізушілерден сұрастырып, куәгерлерден сұрақ-жауаптар алу секілді қажетті шаралардың барлығын атқарды.
Нәтижесінде, жедел құрылған тергеп-тексеру тобы күдіктілердің түр-тұлғасын анықтап, олардың жұмыссыз 3 жергілікті тұрғын сыныптас азаматтар екендігін анықтады. Ұсталғандардың бірі бұрын қарақшылық бойынша сотты болған екен. Сақшылар күдіктілерді тұрғылықты мекен-жай бойынша ұстайды. Олар ұрланған ақшаны жаратып үлгермеген.
Ұсталған азаматтар қамауда. Сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Ал, өз кезегінде жолаушы ретінде туған жеріне кетіп бара жатқан шетел азаматы аяқ астынан келеңсіз оқиғаға тап болып, алайда тәжірибелі мамандардың арқасында қайта Отанына қарай жол тартатынына қуанып, полицейлерге дән ризашылығын білдірді.