Шымкент қаласы әкімінің Қала күнімен құттықтауы

фото shymkent.gov.kz

              Қымбатты Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары!
Шымқаламызды шырайға бөлеген шуақты мереке – Қала күні құтты болсын!

Биыл бұл мерекенің біз үшін орны ерекше! Бұл – Шымкенттің республикалық қала статусындағы алғашқы мерекесі.

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис атанды.

Осылайша Шымкент дамудың жаңа сатысына қадам басты.

Елбасы «Болашақ – миллионды қалалардың қолында» деп мәлімдеген еді. Міне, сүйікті Шымкентіміз сондай қалаға айналып келеді. Үшінші мегаполис «ақылды», «жасыл» әрі қауіпсіз қала атанады. Шымкент жаңа идеялар халқымыздың дәстүрімен қатар дамып, өткенін ұмытпайтын, сонымен қоса жаңа технологияларға ұмтылатын тұрғындар қаласына айналды.

Үшінші мегаполисте заман талабына сай инфрақұрылым қалыптасып келеді, жаңа шағынаудандар, көшелер, спорт алаңшалары, тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар салынуда. Инновациялық даму деңгейіне үлкен мән бере отырып, қала халқын әр жылғы мерекемізде жаңа мәдени, спорт, білім нысандарының бой көтеруімен қуантуға тырысамыз.

Қадірлі шымкенттіктер!

Қаламыздың қарқынды дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін!

Баршаңызды Қала күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақыт пен береке, ынтымақ пен бірлік тілеймін!

Шырайлы Шымкентіміз көркейіп, көріктене берсін!

Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ,
Шымкент қаласының әкімі