Шымкентте 12 жыл бойы нәресте күткен ана дүниеге үшем әкелді

414

Шымкентте 12 жыл бойы нәресте күткен ана дүниеге үшем әкелді. Мерзімінен шала туылған шақалақтарды дәрігерлер бір ай бойы күтіп, апта басында перзентханадан шығарды. Сондай-ақ, тағы бір жас ана үшем дүниге әкеліп, қаланың демаграфиялық өсіміне үлес қосты.

Аида Баянболова — 33 жаста. Алғашқы жүктілігінде дүниеге үшем әкеліп отыр. Ана бақытын 12 жыл күткен келіншек жасанды ұрықтандырудың арқасында үш қыздың анасы атанды.

Аида Баянболова, үшемнің анасы: «Өте қуаныштымын, Аллаға шүкір, осындай ана бақытын сезінуді бәріне тілер едім. Бұл керемет сезім».

Қыздардың үлкені — Айзия, 2,400 грамм болып туылды. Ал, Айзере мен Алуа 2 келіден сәл ғана асады. Сәбилер 21 күн дәрігерлердің бақылауында болып, перзентханадан шығарылды. Ата-анасы мен туыстарының қуанышында шек жоқ. Ал 21 жасында 3 баланың анасы атанған Гүлмира Қуандықова жүктілігінің 32-ші аптасында босанды. Шала туылған нәрестелер қазір жан сақтау бөлімінде жатыр.

Гүлмира Қуандықова, жас ана: «Қуаныштымын, жүктілігімнің 3 — аптасында білдім үшем екенін».

Жас ана мен сәбилерге қалалық денсаулық сақтау басқармасы атынан арнайы сыйлық табысталды. Игілікті іс- жас аналарды қолдап, ана мен бала денсаулығына оң әсер ету мақсатында қолға алынды.

Инна Глазебная, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы: «Бұл біздің қаламызда жыл басынан бері туылған алғашқы үшемдер. Екеуі қатар дүниеге келіп отыр. Алғашқысын шығардық, міне екіншілері жан сақтау бөлімінде. Ерте туылған нәрестелердің салмақтары өте аз. Бірақ соған қарамай №1 перинатальдық орталық дәрігерлері бар күшін салып, сәбилерді оңалтуда. Анасының да көңілі тоқ».

Екінші туылған үшемдердің перзентханада әлі 20 күндей жатуына тура келеді. Салмақтары аз. Дәрігерлер де үшемдердің аяқтан нық тұрып кетуіне бар күшін салуда. Бір қуантарлығы күнгейде дүниеге келген үшемдер қатары көбейіп келеді.

Лаура Нақыпқызы