Шымкентте «Белсенді өмір сүру» ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғ.Р. Әбдірахымов қатысып, орталықтың қызметімен танысты.
Үш қабаттан тұратын ғимарат интернет-кафе, емдік-уқалау, физикалық-емдеу бөлмесі, кинозал, кітапхана, тренажерлық және спортпен шұғылдану (йога, үстел теннисі, бильярд) аймақтарымен және балаларға арнап жабдықталған ойын бөлмелерімен қамтылған.
Орталықтың негізгі мақсаты – егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ қарттарға және белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға, сонымен қатар зейнеткерлік жасына жетіп, денсаулық жағдайына байланысты жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсету болып табылады. Орталық 70-ке жуық қарттар үшін тәуліктің күндізгі 4 сағат уақытында арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетеді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялануын жүзеге асыру мақсатында, Орталық Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы және Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасымен өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойып, ол бойынша Орталыққа келетін қариялардың өткен өмірлік тәжірибесін үлгі өнеге ретінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бойына сіңіре отырып, олардың қоғам алдында өздерін жауапты тұлға ретінде сезінуі мен өз Елінің патриоты болуы бағытында атқарылатын мәдени іс-шараларды жүзеге асырылады.