Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері анықталды

585

Шымкентте «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Құжат тапсырған 40 отбасының арасынан 16 отбасы үздік деп танылып, екінші кезеңге жолдама алды. Ал, олардың арасында тек екі отбасы ғана жеңіске лайықты болған.

6 перзент тәрбиелеп отырған Сермаңызовтар отбасы байқауға ерекше сеніммен қатысқан. Отағасы ұзақ жылдан бері газ жеткізу саласында қызмет етеді. Олар бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіндерін айтады. Содан болса керек, балалары білімде көп жетістікке жеткен. Отағасы Нұрболат «Мерейлі отбасы» ұғымын әрдайым отбасы бақытымен үндестіреді.

Нұрболат Сермаңызов, «Мерейлі отбасы дегеніміз – ата-ана бала-шағасымен бірге бір шаңырақ астында бақытты өмір сүруі дер едім. Мысалы біз ұрпағымызбен бірге алдағы арман-тілектерімізге бірге жетсек, онда бақытты отбасылардың қатарынан болғанымыз. Шаттыққа толы өмір сол жанұяның мерейін анықтайды. Менің отбасым – менің Отаным».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысушылардың барлығы түрлі салаларда жетістікке жеткен әрі көпбалалы жанұялар. Әрқайсысы өз саласына еңбегі сіңген әулеттер. Өйткені «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы ең алдымен адамгершілік құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін насихаттайды. Осылайша отбасы мәртебесін асқақтатады.

Жандос Қалтаев, Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері басқармасының басшысы: «Байқауға Шымкент қаласына қарасты 4 ауданнан қазақтың қаймағы бұзылмаған отбасылары қатысты. Яғни, жанұясындағы береке-бірлік көпке үлгі боларлықтай отбасылар қатысты. Жеңіске жеткен отбасылардың кішкентай балаларына дейін жетісіктері бар. Мерейлі отбасы атауына осындай жанұялар лайықты. Біз жеңімпаздарымызға алдағы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін соңғы кезеңде сәттілік серік болсын дейміз».

Енді жеңімпаз 2 отбасы байқаудың шешуші кезеңіне қатысады. Яғни, алдағы қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық байқауда Шымкент қаласының намысын қорғайды.

Жанерке Хумар