Шымкентте муниципальды автобус паркі ашылды

185

Қала күні мерекесіне орай Шымкентте көптен күткен муниципальды автобус паркі ашылды. Бұл елдегі теңдесі жоқ жоба. Қазақстанда құрастырылған қоғамдық көліктер бір мезетте 56 жолаушы тасымалдауға қауқарлы. Ұзындығы 8,5 метр келетін автобустар Шымкент жолдарына ыңғайлы дейді мамандар.

Шымкенттегі жолаушы тасымалындағы негізгі мәселелер көрсетілетін қызметтің сапасыздығы, автобустарда жолаушыларды нормадан артық алу, жүргізуші мен кондукторлардың мәдениетсіздігі мен дөрекілігі. Енді жаңа ашылған «Shymkent Bus» муниципальды автобус паркінде жұмыс істейтіндер қатаң іріктеуден өтеді, жалақылары да жоғары жүргізуші 176 мың, кондуктор 100 мың тенге көлемінде айлық алады екен. Басты талап шылым тарпауы тиіс.

Бұл көлікте жолаушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Шаһар басшыларының айтуынша, жоспар бойынша Шымкентке жыл соңына дейін осындай автобустың тағы 1000 данасы жеткізіледі. Алғашқы жартыжылдықта 300-і алынып, бүгін қала көшесіне екі бағыт бойынша жолаушы тасымалдауға шықты.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 27 көлік компаниясы жұмыс істейді. Олардағы техниканың басым бөлігі ескірген. Жолаушылар үшін қауіпті. Сол себепті алдағы уақытта жолаушы тасымалдау саласында тек бәсекеге төтеп берген компаниялар жұмыс жасайтын болады деді муниципальды парктің ашылуына арнайы қатысқан шаһар басшысы.

Алдағы жоспар электронды билеттеу жүйесін енгізу болып тұр. Жоспар іске асқан жағдайда жол жүру ақысы көлеңкелі айналымнан шығады. Ал кондукторлар тек жолаушылардың қауіпсіздігін ғана ойлайтын болады.

Нұрлан Күдерұлы