Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасу тәртібін жан-жақты түсіндіру, сондай-ақ жастардың арасынан дарынды және білікті кадрларды тарта отырып, қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің үйлестіруімен «Бос лауазымдар жәрмеңкесі» өтеді.

Жастарға мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін барынша қамтамасыз ету үшін жәрмеңкені мемлекеттік органда емес, қандай да бір жабық ғимаратта емес, ашық аспан астында арнайы жастардың ордасы болып табылатын Арбатта, жұмыс аптасының соңы – 14-ші маусым күні сағат 19.00-де бейресми жағдайда бастау жоспарлануда.
Халықтың түрлі топтағы азаматтары, әсіресе, диплом алған жас бітіруші түлек те, көптен бері жұмыс іздеп жүрген азамат та, жоғары жалақы іздеген адамдар да бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар жәрмеңкесіне келіп, іздегенін таба алады.

Ал егер де, мемлекеттік лауазымға тағайындалмас бұрын кәсіби тәжірибе мен дағды қажет болса, Департаменттегі «Мемлекеттік қызмет мектебі» туралы және іріктеу кезеңдері бойынша толыққанды ақпарат алуыңызға болады.