Úı Jańalyqtar Шымкенттегі қабылдау бекеттерінде арыстықтарға қолдау көрсетілуде

Шымкенттегі қабылдау бекеттерінде арыстықтарға қолдау көрсетілуде

Алты баланың анасы Дина қайынатасымен бірге Арыстағы жарылыстан қашып, Түлкібастан бірақ шыққан.

Арыстық Дина Оспан алты баласы, қайынатасымен Шымкентте

Күйеуі ауылда қалған екен. Жол жүріп келгендерге №26 мектепте ашылған қабылдау бекетінде медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Үлкен отбасы бір бөлмеге жайғастырылды.

№50 мектепте орналасқан қабылдау бекеті

Эвакуациялық жиналу бекеттерінің барлығы халыққа қызмет көрсету орталығының базасына қосылған. Осында сала мамандары жоғалған азаматтарға қатысты деректерді тез арада жүйеге салып, іздеп табуға көмектеседі. Ішкі істер бөлімі мен төтеншілектер азаматттарға қатысты алған ақпаратты шұғыл штаб пен қауырт желіге жіберіп жатыр.

Анар Ермаханова, №26 мектептегі қабылдау бекетінің  маманы: «Түнімен адамдар келді. Таңға жуық 113 адамның 9 -ын алып кетті. Біреуін қазір алып кетпекші. Қазір  тағы бір отбасы келді».

Мектептің  спорт залында  орналасқан азаматтарға төсек орындар мен қажетті тұрмыстық заттарды, азық-түлікті шымкенттіктер кешеден бері жеткізіп жатыр. Қабылдау бекетіндегі әрбір маман өзінің міндетін біледі.

№50 мектепте орналасқан қабылдау бекетінде де дәл осындай жағдай. Мұндағы асханада да төтенше жағдай орын алған жерден жеткізілген азаматтар жайғасқан. Тамақтанғандар туыстарын іздеп хабарласуда.

Жарылыс болған жерге жақын орналасқан елді — мекендерден Шымкентке жеткен арыстықтар қала тұрғындарына алғыстарын айтады.

Амангүл Бейсенова, тұрғын: «Елмен бірге көреміз. Халқыма рахмет. Қиын жағдайда барлығы жұмылып, қолдау көрсетіп жатыр. Кеше жарылыс болғанда не істерімізді білмей,  балаларымызды алып далаға қаштық. Әйтеуір көлікпен Шымкентке жетіп алдық. Ондай жағдай енді қайталанбасын. Сол сәтте  ештеңе де  керек болмай қалды».

Гүлдана Боранбаева, тұрғын: «Үйімізді, жайымызды тастап  келдік. Қолдау көрсеткендердің барлығына алғысымыз шексіз. Қашан ауылға қайтатынымызды білмейміз. Онда не болып жатқанынан хабарсызбыз».

Қабылдау бекеттерінде орналасқан азаматтар алда не күтіп тұрғанын білмейді. Алайда көмексіз қалмайтындарына көздері жеткен. Жерлестерінің жылы сөзі, ықыласына риза болған арыстықтар жақынарада баспаналарына қайтатынына үмітті.

Шынар Оразова