Шымкенттіктер Арыстың тұрғындарына жаппай көмек қолын созуда

141

Арыстағы болған қайғылы жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр. Олардың ішінде еріктілер, қала тұрғындары және кәсіпкерлер барынша қол ұшын созуда.

Шымкент қаласындағы қабылдау бекеттерінде түн қарбаласпен өтті. Арыстағы апаттан қашқан халыққа көмек көрсетуге ұмтылғандар көп. Еріктілер мен қала халқы ең алдымен ең керекті заттарды барынша тез жеткізуге тырысқан. Әсіресе № 33 жалпы орта мектепте орналасқан қабылдау бекетіне келушілердің саны көп болды.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер де бұл шарадан шет қалмады. Арыс қаласындағы зардап шеккендер мен көшірілген тұрғындарға көмекке деп Қайрат Молдасейтов 10 млн. теңге бөлді. Және өзге де бизнесмендерді шет қалмай, атсалысуға шақырды. Көмек қолын созушылардың саны едәуір артқан. Балалардың санының көп болуына байланысты, кішкентайларға қажетті заттар қат болып тұр.

Ата-анасынан ажырап қалған балаларды табу мақсатында арнайы жауапты өкілдер жұмыс істеп, аты-жөндерін анықтап жатыр. Бұл шарадан да қала жұртшылығы шет қалып жатқан жоқ. Кішкентайлардың фотоларын бөлісу арқылы бір — бірін тауып жатқан жандар да жетерлік.

Ғалымжан Кенжебек