ҚР Ішкі істер министрлігінің полицейлерге жүктеген жедел-профилактикалық іс-шараларының аясында, 2019 жылдың 4 мамырынан бастап ТО Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен №6506 әскери бөлімінің арнайы жасақ қызметкерлерімен бірлескен ауқымды жедел шаралары атқарылды.

Тарқатып айтар болсақ, облысымыздың Түркістан, Сарыағаш, Сайрам, Жетісай секілді бірқатар қала, аудандарында жеделдетілген профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілді.

Мәселен, Түркістан қаласында орналасқан базарлардың бірінен ұялы телефондарды алып сату және жөндеу жұмыстарымен айналысатын азаматтардың арасында дәстүрлі емес деструктивтік діни ағымын ұстанушылары мен жақтастары бар екендігі белгілі болды. Тыңғылықты тексеру нәтижесі көрсеткендей, күдіктілер қылмыстық жолмен ұрланған ұялы телефондарды алып сату, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру іс-әрекеттерін іске асыру арқылы, ұялы телефонға арнайы деструктивтік ағымды насихаттайтын мәліметтерді жүктей отырып, тұтынушыларды арандатқан. Бұл істі полицейлер ҚР Қылмыстық кодекстің 174-бабы «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алды.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдікті ретінде ұсталған үш азаматқа қатысты тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп, уақытша қамауға алды. Айғақты заттар тәркіленіп, сараптамалар тағайындалды. Облыс полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бұл іс аяқталған соң, жинақталған барлық материалдар нақты шешім шығарылу үшін сотқа жолданатын болады.

Ерекше айтып өтетін жайт, облыс полицейлерінің мұндай нәтижелі және қарқынды іс-әрекеттері облыстағы қылмыстардың азайып, криминогендік ахуалдың тұрақталуына өз септігін тигізе бермек.