«Түркістан төрінде». Осындай атаумен көне шаһарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сырласу-сұхбат кеші өтті. Ізгілік пен ынтымақты, елдік пен бірлікті ту еткен шараға еліміздің айтулы ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері, аузы дуалы зиялы қауым өкілдері арнайы шақыртылыпты.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, көрнекті қаламгерлер Төлен Әбдік пен Нұрлан Оразалин, танымал жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай — «Түркістан төрінде» жобасының алғашқы қонақтары. Бұл жүздесулер өңір халқының рухани, мәдени, зияткерлік деңгейін арттырып, бірлік пен ынтымақты нығайтуға сеп болады дейді зиялы қауым.
Елге айтары бар, әдебиет пен өнер саңлақтары Түркістанды түлету ортақ деп біледі. Киелі өңірге ат басын бұрған ел ағалары жиналған қауымды көне шаһардың дамуына атсалысуға шақырды.
Сырласу кешінде айтылған салиқалы терең ойлар күнгей жұртын рухани азықтандырып, игі бастамаларды жүзеге асыруда жігер берді дейді ұйымдастырушылар. Зиялы қауым облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жаңа телевизиялық жобаның өміршең болатынына сенеді.
Шынар Оразова