Есік-терезе, ыдыс-аяқ, киім-кешек, көрпе-төсек. Шымкент қалалық ИЧ 167/3 түзету мекемесінде жазасын өтеушілердің қолынан шыққан бұйымдардың көрме-жәрмеңкесі өтті. Шетелдік бұйымдардан кем түспейтін, сапалы әрі қол жетімді заттарды арна тілшісі де көріп қайтты.

Ағаштан жасалған қолөнер бұйымдары. Ұлттық нақыштағы көрпешелер мен арнайы киім-кешек. Бұл көрме-жәрмеңке басқалардан өзгерек. Мұнда қойылған бұйымдар шетелден әкелінбеген. Оларды қалалық түзету мекемесінде жазасын өтеп отырғандар өз қолымен жасаған. Сондықтан да бағасы әжептәуір арзан.

Болат Мылтықбаев, ИЧ 167/3 түзету мекемесінің басшы орынбасары: «Осында отырғандардың 76 пайызы жұмыспен қамтылған. Олар жеке кәсіпкерлермен келісімшартқа тұрып жалдамалы жұмыс істеуде. Сөйтіп жалақысын алуда. Қарыздарын өтеп, отбасыларына береді».

Жеке кәсіпкерге жалданып жұмыс істеп, жалақы тауып отырғандардың бірі жазасын өтеуші Ерболат. Оның темір-терсек цехында жұмыс істеп жүргеніне 3 жылдан асқан. Олар мұнда металдан түрлі бұйымдарды құрастырады.

Ерболат, жазасын өтеуші: «Мамандығым экономист еді. Осындай жағдайға түсіп осында ұсталықты үйрендім. 3 жыл болды. Құдай қаласа шығамын. Жалақым жақсы үйіме бала шағама жіберемін».

Түзету мекемесінде Ерболат сияқты жазасын өтеушілердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, жұмыспен қамту шаралары бір жолға қойылған. Түрме деген атауы болмаса, мұндағылар нан пісіріп, макарон өндірісімен айналысады. Жеке кәсіпкерлермен келісімшартқа тұрғандар тапсырыс бойынша бұйымдарды жасайды. Және сол үшін жалақысын да алады.

Айта кетейік, қалалық ИЧ 167/3 түзету мекемесі 700 орынға шақталған. Қазір мұнда 540 – қа жуық азамат жазасын өтеуде. Олардың 76 пайызы жеке кәсіпкерлерге жалданып жұмыс істеуде. Ал сапасы мықты, бағасы арзан осындай бұйымдарды алуға ниеттілер ИЧ 167/3 мекемесіне хабарласа алады.

Айжан Ермекқызы