Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Түркістан қаласында «Адам және табиғат» экологиялық эстафеталық фотокөрмесі өтті. Ұйымдастырушылары – Түркістан облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.
Фотокөрменің мақсаты – жасөспірімдер мен ересектердің экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғат-анаға сүйіспеншілікпен қарауға жетелеу.
Эстафеталық фотокөрме Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілді. «Адам және табиғат» атты тақырыпта қоғамға ой салатын суреттер көрермен назарына ұсынылды. Бұл суреттерде адам қолымен табиғатқа жасалған қастандық, жер бетіндегі күл-қоқыстар мен өндірістік қалдықтардың жан-жануарларға тигізген зардамы көрініс тапқан. Сонымен бірге өзен-көлдердің, ауаның ластануы, өсімдік әлемінің зардап шегуі де суреттерге арқау болған.
Фотокөрмені өткізуге өңірдегі бірнеше басқарманың мамандары атсалысып, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бастамаға қолдау көрсетті. «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркінің, білім басқармасының жауапты мамандары қала тұрғындары мен мектеп оқушыларына және колледж студенттеріне табиғатты қорғау, аналаны таза ұстау жөнінде ой қозғады. Фотокөрмеге Түркістан қаласының тұрғындарымен бірге Қ.А.Ясауи кесенесіне келген қонақтар да тамашалады.
Облыс орталығы – Түркістаннан бастау алған фотокөрме барлық аудан, қала көлемінде бекітілген кестеге сәйкес жалғасады.