Тәртіп бұзғандар болған жоқ

123

Ешкім тұтқындалмаған шеру алғаш рет Шымкентте өтті. Қаладағы наразылық шеруіне шыққан мыңдаған халықтың ешқайсысы қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды. Бұл туралы Шымкенттің бас полицейі Ералы Жұмағанбетовтың өзі айтты. Қос бірдей әкімді тік тұрғызып, «Нұр Отанның» төсінен алған арыстықтардың наразылығы немен аяқталды?

Күні бойы Шымкент қаласындағы көшелерді жауып тастап, билікке наразылығын білдірген арыстықтар кеш ауа орталық алаңда екі топқа бөлініп кетті. Бірі халықты сабырға шақырса, басқалары ары қарай да наразылық шарасын жалғастыруға шақырып жатты.

Алға қарай бет алған наразы топтағы белсенділерді көпшілік қолдай қоймады. Топты бастап жүрген бес алты азамат артындағы халықты бірнеше рет өзімен бірге шақырғанымен, жаяу жүрген жұртшылықтың көбісі оларды құптай қоймады. Екі топқа бөлінген халықты Арыстың бас имамының өзі сабырға шақырмақ болды.

Халықты сабырға шақыруға тырысқан өзге де танымал дін өкілдерінің де сөзі өтпеді ашынған топқа. Әл Фараби алаңында жиналған халық бес алы сағат бойы билікке талабын айтып жатты. Күні бойы қаланың шетінен орталыққа жаяу жүріп келген тұрғындар кешкісін шаршай бастады. Төрт жарылысты бастан кешкен көпшіліктің Арыс қаласына қайта оралуға жүрегі шайлығып қалған.

Қараңғы түсе бастаған сайын алаңға жиналған тұрғындар азая берді. Тұрғындар төрт бес сағаттан кейін ғана Әл Фараби алаңынан тарқады. Өздеріңіз көріп тұрғындай халық тараған соң, орталық алаңның жолы ашылып, көліктер жүре бастады. Халық тарағанымен мұнда полиция қызметкерлері бірнеше сағат бойы осындағы тыныштықты күзетпек.
Орталық алаңдағы тәртіпті Шымкенттің бас полицейінің өзі соңына дейін күзетіп жүрді. Тілшілерге сұқбат берген Полиция департаментінің басшысы наразылыққа қатысқандардың ешқайсысына қылмыстық іс қозғалмайтындығын мәлімдеді.

Осылайша ешкім тұтқындалмаған шеру Қазақстанда алғаш рет Шымкентте өтті. Құзырлылардың мәліметінше бұл жағдайда ешкімге зақым келіп, жарақаттанбаған. Наразылыққа шыққан ағайын үйіне тарқап, таң азанда Арысқа жолға шығуға дайындалуға кетті.

Лаура Нақыпқызы