Мереке Төлеби ауданының орталығы Леңгірдегі рәміздер алаңында бастау алды.
Шараға жиналған қауым Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы Әнұранды шырқап, Мемлекеттік рәміздер — Ту, Елтаңбаға құрмет көрсетті.
Атырхан Шыңғысбаев, Төлеби ауданының тұрғыны, еңбек ардагері: «Мемлекетіміздің рәміздері — Елтаңбаны, Туды, Әнұранды айқындап алдық. Бүгінде туымыз барлық жерде желбіреп тұр. Рәміздерімізді қастерлеуіміз керек. Елтаңбасы, Туы әнұраны жоқ мемлекет мемлекет емес».
Аға буын өкілдерінен төлебилік жастар да қалыспай, мемлекеттік рәзімдер күнін көліктер шеруімен ерекше атап өтті. Қаз — қатар тізілген колонна Мемлекеттік Туымды желбіретіп, елдімекендерді аралады.
Бірлігі жарасқан еліміздің берекелі тірлігін, байтақ елімізді паш еткен мейрам Түркістан облыстық көпсалалы- техникалық колледжде жалғасты. Жастарға еліміздің рәміздерін қастерлеу, құрметтеу әрбір азаматтың борышы екені насихатталды.
Қайырхан Баялыев, Түркістан облыстық көпсалалы-техникалық колледждің 1 курс студенті: «Туымыз биікке асқақтап, Әнұран шырқалғанда ерекше сезімде болдым. Мемлекетіміздің рәміздерін құрмет тұтамын».
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Әлемдік ареналарда желбіреген қазақтың көк туы кез-келген отандасымыздың мақтаныш сезімін тудыратыны ақиқат.
Шынар Оразова