Өртенген жатақхананың 86 тұрғыны уақытша оқу орнының жатаханасына жайғастырылды. Әзірге қанша уақыт олар мемлекеттің қамқорлығында болатыны белгісіз. Өрттен зардап шеккендердің арасында көп балалы аналар мен мүгедектер де бар.
«Мұның бәрі күйінгеннен шығады. Өліп кеткенімізде қайтер едік. Абырой болғанда балаларымыздың қасында болдық. Әйтпесе қырылып қалар едік. ХІХ ғасыр деп қалай айтамыз… Берілсін үй бәрімізге…».
Бұл үйінен айырылып қалған тұрғындардың өрттен кейінгі күйі. 8-маусым күні Абай ауданына қарасты Водопьянов көшесіндегі жатақханадан өрт шыққан.
Алтынбек Асқаров, қала тұрғыны: «Осы жерде 6 бала-шағаммен тұрамын. Қыздарым 1 топ мүгедегі. Жағдайым жоқ. Өзімнің де денсаулығым жоқ. Үйден еш нәрсе қалмады, құжаттарымыздың бәрі жанып кетті».
Баспанасыз қалған тұрғындар ертеңгі күндерін ойлап шырылдауда. Оқиға басына Абай ауданының әкімі келіп, тұрғындардың уәжін өзі тыңдады. Әзірге тек уәдемен шектеліп отыр. Бүгінге тек ыстық ас пен уақытша жататын орын ұсынатындарын ашық айтты.
Бұхарбай Пармнов, Абай ауданының әкімі: «Қазір 45 пәтердің 86 тұрғыны бары анықталды. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл кісілерді жайғастырып көмек береміз. Бұл жердегі тұрғындардың сұрап отырғаны баспана мәселесі. Енді тұрғын үй басқармасы бар, қала әкімінің орынбасарлары бар, арнайы орган қызметкерлері шақырылды. Ақылдасып, келешекте бұл кісілерге жауабын береміз. Бүгін тек 4 — колледждің жатақханасына жайғастарамыз. Қажетті киім — кешек тағы басқа заттармен көмек көрсетеміз».
1935 жылдары соғылған бұрынғы қорғасын зауытының 45 пәтерлі жатақханасының шатыры жанғаны туралы хабарлама 8 маусым күні таңғы уақытта тіркелген. Тілсіз жау шамамен 1сағат 20 минутта толық сөндірілген.
Қуаныш Арсыланов, Шымкент қалалық ТЖД өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары: «Іздестіру, құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде екі адам құтқарылды. 103 қызметіне алғашқы көмек үшін тапсырылды. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Жалпы өрттің аумағы 240 шаршы метр болып есептелді».
Жанып жатқан жатақханадан 35 адам эвакуацияланды. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 10 арнайы техникасы мен 55 адам өртті сөндіруге жұмылдырылған. Қазірге арнайы құрылған комиссия шығын көлемі мен бұл жатақхананың жарамдылығын анықтауға кіріскен.
Ернар Балабеков