Тосыннан келген топан су ауылды шайып кетті

410

Тосыннан келген топан су ауылға түскі сағат үште лап қойған. Қызыл судан қорыққан Қыдыр Мәмбетұлы ауылының тұрғындары тым-тырақай, бас сауғалай қашыпты. 20 минут жауған жаңбыр суы жиналып, айналасы 3-4 минутта сайдағы ауылға толып қалған.

Назипа Дауылбаева тосыннан келген залалдан зардап шеккендердің бірі. Апат ауылға келгенде Шымкенттен қайтып келе жатқан екен. Үйде қалған анасы мен 5 баласын су басқан үйден көршілері алып шыққан. Жыл сайын жауыннан зәрезап болған Назипа ауыл әкімін көргенде жарылды.

Жарты сағатқа жетпеген жауын суының тасуына ауылдағы арыққа қойылған мына құбыр себеп. Сай-саладан жиналған су құбырға симастан, арықтан асып, ауылға аққан. Жергілікті атқамінерлер бұған дейін арықты тазартпақ түгіл, ауылды қорғау үшін су қашыртқысын да салмаған.

Қазіргі таңда табиғи апаттан келген шығын есептеліп жатыр. Баспанасы жарамсыз боп қалғандарды ауыл әкімі жаңа қонысқа көшіруге уәде берді. Бірақ оның қашан болары белгісіз. Тіпті ол уәденің орындаларына тұрғындар күмәнмен қарайды.

Назерке Үкібасова