Тозығы жеткен көпқабатты үйлер күрделі жөндеуден өтеді

Тұрғын үй қоры ескіруде

Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы заң жобасы әзірленіп жатыр.

Жаңашылдыққа сәйкес пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы тоқтауы мүмкін. Ал оның орнына сервистік компаниялар пайда болады. Заң жобасы мақұлданса тозығы жеткен көпқабатты үйлерді жөндеу қолға алынбақ.

Түрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы Заң жобасы мәжілісте қаралып жатыр. Төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулиннің тапсырмасымен жұмысшы тобы құрылып, олар өңірлерді аралап, тұрғын үй қорының жағдайымен етене танысып жүр.

Нәтижесінде құжат бір жүйеге келтірілді. Бұл қадам тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына мол инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Құжаттың ең маңызды тұсы — ескірген көпқабатты үйлер, жеделсатылар жөндеуден өтеді.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі: «Заң қабылданса 1-1,5 жылдан кейін кездескенде уәдемді есіме салыңыздар. Қалалардың келбетін танымай қаласыздар. Олардың келбеті жаңаланады. Қаланың сәулеті біркелкі болуы мақсатында көпқабатты үйлерді жөндеу құзыретін әкімдікке бермекпіз».

Заң қабылданса, Кентау сияқты қалалардың да тұрғын үй қоры жаңаланады. Тозығы жеткен үйлердің міндетті түрде жөнделетінін кеншілер шаһарына барған сапарында Түркістан облысының әкімі де айтқан еді. Кентау қаласында 358 көпқабатты тұрғын үй бар. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында бүгінгі күнге дейін 35 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Тағы да 305 үйге күрделі жөндеу қажет. Алдағы үш жылда жөнделетін ғимараттардың жоспары дайындалып, бекітілген.

Дәурен Мақажанов, Кентау қаласының әкімі

Дәурен Мақажанов, Кентау қаласының әкімі: «Уәде беруден аулақпын. Сала- сала бойынша алдағы үш жылда атқарылатын жұмыстар бойынша жоспар жасап қойдық. Ол бекітілсе, тозығы жеткен үйлер де, инфрақұрылымдар да, жылу орталығы  да жөндеуден өтеді».

Ортақ баспананы ретке келтіруге тұрғындар да ынталы. Келісімшарт түзілген бойда құрылыстың барысын қадағалауға дайын. Тек келісімшарт түзген сервистік компаниялар өз міндеттерін орындаса деген талап.

Шынар Оразова