«XXI ғасыр» балабақшасы 4 жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты шара Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орайластырылған. Бөбекжай ұжымы бүлдіршіндермен бірге тамаша концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

Осыдан тура төрт жыл бұрын «XXI ғасыр» балабақшасы алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдады. Бүгінде бөбекжай ғимаратының іші бүлдіршіндерге толған. Мектепке дейінгі мекеменің педагогтары айтулы күнді өз тәрбиеленушілерімен бірге атап өтті.

Наталья Тимофеевна, «XXI ғасыр», бала-бақшасының методисі: «Біз бәрін шағын бала-бақша жұмысынан бастадық. Енді ашылған кезде 10-15 баланы қабылдағанбыз. Ал қазір оның саны 200-ге жетті. Бүгінде 3-рет 50 баладан түлетіп, мектепке сақадай сай етіп, дайындап шығарамыз».

Бөбекжайда білікті мамандар жұмыс істейді. Атап айтқанда, қазақ тілі, ағылшын тілі мен ментальді арифметикадан сабақ беретін мұғалімдер, логопед пен психологтар. Ғимаратта балаларға арналған спорттық үйірме де қарастырылған. Бүлдіршіндерді шығармашылыққа баулу да ескерілген.

Зулиха Мухтарова, ата-ана: «Балаларымды бұл бала-бақшаға 3 жылдан бері алып келемін. Тәрбиешілер өте ұқыпты әрі мейірімді. Олардың балаларға деген қарым-қатынасы да ерекше. Қала берді, мұнда суда жүзуге арналған бассейн бар. Барлық жағдай қарастырылған».

Әйгерім Жиналиева, ата-ана: «Балабақшаға барып жатқанымызға 2 жылдай болды. Мұнда өте жақсы жағдай жасалған. Балаларды жақсы тамақтандырады. Тәрбиешілері жақсы. Балаларға барлық жағдай қарастырылған».

Мерекеге орай балабақша «Жас данышпан академиясы» кабинетін ашты. Мұнда балалар тәрбиешілерімен бірге әлемді танып, сумен, отпен, жалпы табиғи материалдармен тәжірибе жасай алады.

Айя Мүтәлі