Жабық мекемедегі сайлаушылардың тізімі қашан дайын болады?

Сайлауға жабық мекемедегі азаматтар да қатысады. Олар құқығын толық пайдаланып өзі таңдаған үміткерге дауыс бере алады.

Әлеуметтік оңалту орталығы

Бар мүлігін бір пакетке сыйдырған Валентина Максюта көлік күтіп отыр. Әлеуметтік оңалту орталығында үш жыл тұрған 80 жастағы кейуана қалған өмірін қарттар үйінде өткізбек. Сайлауға қатысатыны жайлы бізден білді. Жетімдер үйінен кейін мейірім үйін пана еткен Валентина құрылысшы да, бала күтушісі де болып жұмыс істепті. Дауысымды өзім сияқты адамдарға қомқор болатын жанашыр адамға беремін деп бекініп отыр зейнеткер.

Валентина Максюта енді қарттар үйінде тұрады

Валентина Максюта, әлеуметтік оңалту орталығының тұрғыны: «Лайықты үміткер жеңіп шықса тұрмысымыз жақсарады деген үмітім бар. Қарттар үйі мемлекеттің қамқорлықында ғой».

Ал Қазығұрт ауданының тумасы Қалықұл Шариповтың басты уайымы сайлау емес, қайтыс болған жалғыз ұлынан қалған немерелері.

Қалықұл Шарипов, әлеуметтік оңалту орталығының тұрғыны: «Бар арманым екі немеремді көрсем. Інімнің отбасын мазалағым келмейді. Келінім қолына алатын болса немерелеріммен бірге тұратын едім. Қазір орталықтағылар қарттар үйіне құжаттарымды даярлауда».

Ақсақалдан бөлек әлеуметтік оңалту орталығындағы 160- қа жуық азамат сайлауға қатыса алады. Дауыс беру құқығына қарттар үйіндегі ата-апаларымыз да ие. Шымкент қалалық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек шаһардағы 260 сайлау комиссиясының 19-ы жабық мекемеде орналасады.

Қайырбек Құнанбаев, Шымкент қалалық сайлау комиссиясының хатшысы: «Жазасын өтеушілер, науқастар, қарттар үйіндегілер сайлауға қатысады. Ауруханадағылар да. Қаладағы жабық 19 мекемеде сайлау учаскесі жұмыс жасайды».

Аталған жабық мекемелердегі сайлаушылардың тізімі президенттік сайлауға бес күн қалғанда даяр болады. Өйткені мұндағы адамдардың құрамы күн сайын өзгеріп тұрады.

Шынар Оразова