Жарықшақ тиген балаға ота жасалды

453

Облыстық балалар ауруханасына жарылыс кезінде зардап шеккен 20 бала келіп түскен. Арасында жарықшақ тигені де бар. Балалардың 14-і амбулаториялық ем қабылдаса, қалғаны ауруханада жатыр.

Мұнда жатқан 6 бала бас ми жарақатымен түскен. Үшеуі бөлімшелерде жатыр. Жағдайлары жаман емес. Бірқалыпты. Ең ауыр жарақат алған балаға ота жасауға тура келген.

Әбдішүкір Егізбаев, облыстық балалар ауруханасының хирургия жөніндегі бас дәрігер орынбасары: «Ауруханаға түскен балаға ота жасадық. Кеуде тұсындағы оқтың жарақатынан болған, өкпенің, қан тамырларына ота жасалды. Қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы жақсы. Жарықшақ тиген тағы бір баланы Сарыағаштан түнгі сағат 5:00-де алып келді. Аудандық ауруханада бас ми жарақатының өте ауыр түрімен жатқан жерінен осында ауыстырылды. Алматыдан санавиациямен балалар реаниматологы келді. Қазіргі кезде тиісті емін алып жатыр. Жағдайы ең ауыры сол. Емнен кейін жағдайы жақсарады деген үміт бар».

Нұрлан Сұлтанбек