Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, арызданады. Ол өз арызында Жетісай аудандық әкімшілік ғимаратында отыратын белгісіз азамат «құжаттарын қабылдап алып, егер 70 000 теңге берсең, мемлекеттен берілетін көмек ақша 500 000 теңге шығарып беремін» деп сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен 70 000 теңгесін алдап алғанын көрсетеді.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша аудандық полиция бөліміне тіркеліп, күдікті іздестіріледі. Ал, күдікті болса әбден оңай ақша табуға дағдыланып бұл әрекетін одан ары жалғастырып, келесі жәбірленушіні алдауға кіріседі. Бұл жолғы арызданушының айтуынша, ол «Өрлеу» бағдарламасына құжат тапсыруға барады. Құжаттарын қабылдаған азамат 350 000 теңге шығарып беретінін айтып, үстінен 50 000 теңге беруін сұрайды. Алаяқтың сөзіне сенген жәбірленуші аталған соманы беріп, алданып қалған.

Орын алған оқиға Жетісай АПБ-де сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, қылмыстық іс тіркеледі. Аудандық полицейлердің кәсіби шеберліктері мен қырағылықтарының арқасында, жәбірленушілердің арызы бойынша күдіктіні анықтау мақсатында жедел іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде күдікті ұсталып, ҚР ҚКнің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің бұдан бөлек осындай 35 іске қатыстылығы анықталды.

Жәбірленушілердің әрқайсысынан 50-100 мың теңге аралығында ақша алған алаяқ, арызданушыларға жалпы құны 1 500 000 теңге көлемінде шығын келтірген. Қазіргі таңда күдікті кінәсін толық мойындап, іс сотқа жолданған. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға алаяқтың арбауына түсіп қалмаңыздар деп ескертеді. Кез-келген мемлекеттік бағдарлама бойынша құжат тапсырарда тікелей мамандарға баруларыңызды сұрайды. Ортада «істеп беремін деген белгісіз жандарға» сенбеуге шақырады. Егерде алаяқтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, «102» телефонына шұғыл түрде хабарласыңыздар. Дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.