ҚҰТЫРУ ЕМДЕЛМЕЙДІ

748

Қаңғыбас ит-мысықтан сақтаныңыз! Дәрігерлер осылай ескертеді. Бұған себеп те бар. Екпесіз, қараусыз бейберекет көше кезіп, қоқыс аралайтын төрт аяқтылар – адамға қауіпті. Құтыру дертінің тасымалдаушы әрі таратушысы. Халықтың қаңғыбас ит-мысықтан қорқатыны да бекер емес-ті.

ҚҰТЫРҒАН ИТТІҢ ӨЛЕКСЕСІ ТАБЫЛДЫ

Таяуда Шымкентте 6 жасар бүлдіршінді қауып алған иттің өлексесі табылды. Бұл оқиға шымкенттіктердің зәре-құтын қашырды. Тұрғындардың қорқатынындай бар. Тексеру қорытындысы, иттің құтырумен ауырғанын көрсеткен.
Еске салсақ, оқиға 12 маусымда «Тоғыс» тұрғын алабында болды. Сол күні бүлдіршінді көшедегі ит тістеп алады. Ертеңіне қызды тістеген ит өліп қалыпты. Мұны көрген бүлдіршіннің әкесі иттің мүрдесін ветеринар дәрігерге апарған. Ит құтыру ауруын жұқтырған екен.
Уақыт оздырмай зардап шеккен қыз бақылауға алынып, ауруханаға жатқызылады. Қазір рабиологиялық екпе салынып жатыр. Онымен қарым-қатынаста болған туыстары да дәрігерлердің бақылауына алынды. Ал, Еңбекші ауданына қарасты «Тоғыс» тұрғын алабына уақытша шектеу қойылған. Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Балкүміс Мұсаеваның айтуынша, бұл жағдайдан соң ветеринарлар тек «Тоғыстағы» ғана емес қаладағы әрбір ауланы қатаң қадағалауға алыпты.

ТӨРТ АЯҚТЫЛАР ТЕКСЕРІЛУДЕ

– Шымкент қаласы әкімінің №573 Қаулысының негізінде «Тоғыс» тұрғын алабына шектеу қойылды. Індет анықталған сәттен бастап, ошақта ауруға қарсы түрлі іс шаралар жүргізілді. Атап айтар болсам, 28 қаңғыбас ит жойылды. Құтыруға қарсы — 780 ит, 23 мысық, 22 ірі қара мүйіз, 40 уақ мал егілді. 171 үй-үйдің ауласы тексерілді, — дейді Балкүміс Мұсаева.

Мамандар мұндай шаралардың жыл сайын жүргізілетінін айтады. Мәселен, жыл басынан бері қала бойынша жануарлар арасында құтыру ауруын болдырмау мақсатында 2518 мүйізді ірі қараға, 1404 уақ малға, 188 жылқыға, 109100 итке, 13761 мысыққа егу жұмыстары жүргізіліпті.
Облыстық РМҚК «Ветеринарлық зертхананың» мәліметіне сүйенсек, 6 айда Шымкент қаласы бойынша 33 патологиялық материал құтыру ауруына тексерілген. Оның ішінде оң нәтиже көрсеткені күні кешегі «Тоғыс» тұрғын алабындағы иттен ғана анықталып отыр. Ал бұған дейін ондай дерек анықталмаған.

ҚҰТЫРУДЫ АНЫҚТАУ ҚИЫН

Құтыру — аса қауіпті әрі жұқпалы дерт. Үй жануарларына және жылы қанды жануарларға үйір. Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері Серік Сатыбалдиевтың айтуынша, бұл дерт көбіне (98%) адамға ит, мысықтың тістеуі не тырнауы арқылы беріледі. Ал жабайы жануарлардан жұқтыру дерегі (2%) сирек кездеседі. Сөзінше, бұл аурумен ауырған жануардың мінез-құлқы бірден өзгереді. Қабаған немесе керісінше жуас болады. Себепсіз үреді. Адамға қарай ұмтылады. Судан қорқады. Қараңғы жерден пана іздейді. Осылайша ауру басталғаннан кейінгі 5-6-шы күні өліп қалады. Ал құтыру вирусын жұқтырған адамнан дертті анықтау қиын. Себебі, денеге таралуы біраз уақыт жабық жағдайда өрбиді. Бірден білінбейді. Уақыт өте вирус тістелген аймақтан қан арқылы бас миына шабады.

– Құтыру індетінің жасырын кезеңі бірнеше күннен бірнеше айға, тіпті жылға созылуы мүмкін. Оның ұзақтығы тістелген жерге, жараға енген вирусқа, тістелген адамның иммунитетіне байланысты. Дегенмен, көбіне 20-60 күннің ішінде адамда құтыру белгілері анықталып жатады, — дейді дәрігер.
Дәрігердің сөзінше, бұл дерт емделмейді. Соңы әрдайым қайғылы аяқталады. Дейтұрғанмен дер кезінде ауруға қарсы екпе салса және дұрыс ем-дом көрсетілсе, онда өміріңізге келер қауіп жоқ.

САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ

Серік Сатыбалдиевсөзінше «ит не мысық тістеген не тырнаған жанның бәрі бірдей құтырудың құрығына ілінеді» деген ой дұрыс емес.
Бұған өзім де куәмін. Осыдан үш жыл бұрын қызымды есік алдында жүрген көршінің иті қауып алды. Көршілердің кеңесімен ит тістеген жерді кірсабынмен де жудық, сутегі тотығымен де сүрттік. Емханаға барып, екпе жасаттық. Дәрігер жарақаттың жеңіл-желпі екенін жеткізді. Бірақ түрлі сараптамаларды алып, 6 ай бойы ай сайын дәрігерге қаралып екпе алдық, қатаң бақылауда болдық. Әлгі итті бақыладық. Одан да қан сынамасын алып, тексерттік. Сондағы уайымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Иттен алынған сынама теріс нәтиже көрсеткенде ғана тынысымыз кеңейді.
Десе де дәрігерлер сақтықта қорлық жоқ екенін айтады. Мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін көше кезген қаңғыбас иттердің көзін жою қажет. Белгісіз ит-мысық шоғырланған жерден аулақ жүруге кеңес береді. Үйдегі ит-мысықты да уақытылы егу керек. Ал егер үйдегі не басқа да ит-мысықтан жарақат алсаңыз, уақыт оздырмай дәрігерге жүгініңіз.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылдың 6 айында Шымкент қаласының тұрғындары арасында құтыру ауруын жұқтырды деген диагнозбен ешқандай науқас ауруханаға жатқызылмаған.
– Қала бойынша жануарлардан жарақат алып медициналық көмекке 2145 жарақаттанған адам жүгінген. Былтырмен салыстырғанда жарақаттанғандардың саны

14,8 пайызға (2018ж.- 2445) төмендеген. Жарақат алғандардың 46,2 пайызы 14 жасқа дейінгі балаларды құрайды. 2145 көмекке жүгінгендердің 1160-ы белгілі, 985-і белгісіз жануарлардан жарақаттанған. Жануарлардан жарақат алған 2145 адамға антирабикалық ем тағайындалып, барлығы ем қабылдаған, оның ішінде 995 антирабикалық иммуноглобулин алған,- дейді баспасөз хатшысы Лаура Мамырова.

Айта кетейік, жарақаттанғандар — 1843 иттен, 235 мысықтан, 14-і жылқыдан, 2-еуі ІҚМ, 51-і басқа жануарлардан зардап шеккен. Белгілі жануарлардың ветеринарлық анықтамасы 1023-де бар, 137-де жоқ болып шыққан.

ҚАҢҒЫБАС ИТ-МЫСЫҚТЫ ЖОЮҒА 30 МЛН

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, биыл иесіз ит-мысықтардың көзін жою жұмыстарына қалалық бюджеттен 30 570 000 теңге қаржы бөлініпті. Аз ақша емес. Иесіз, қаңғып жүрген қауіпті иттерді түп-тұқиянымен құртып жіберуге жетіп артылатын-ақ сома. Бірақ, бұл қаржыға 6 айда 27 963 ит пен 1438 мысық жойылған. Алайда қалада қаптаған ит-мысықтарға қарап азайды деп айтуға әлі ертерек сияқты.
Басқарманың мәліметінше, ит-мысықтар атылмайды. Оларды аулап арнайы уақытша ұстау орталықтарына алып барамыз. Сонда 3 күн бойы болады. Осы аралықта егелері тауып, алып кетеді. Ұстау мерзімі аяқталған соң егу арқылы өлтіріледі де пешке жағылады.

Әйтсе де, кейбір шымкенттіктер ит аулаушыларды мүлдем көрмегенін айтады. Шынымен де, қаланың шеткі аймақтарын айтпағанда қала орталығының өзінде қаптап қаңғып жүрген иттерді күнделікті көзіміз көріп жүр. Тұрғындар болса тиісті мекемелерге шағымданғанмен қайран жоқ дегенді алға тартады. Ал сала мамандарының бұған айтар өз уәждері бар. Олар әрбір тұрғын өз ит-мысығын құтырмаға қарсы егу керегін, және оларды ұстау ережесін сақтауды ескертеді. Үйде ұсталатын иттер мен басқа да жануарлар ауыра қалған жағдайда, оларды ветеринарға көрсетіп, тексерту қажет. Әр 6 ай сайын көбейіп, 4-тен 8-ге дейін төлдейтін үй жануарларын қанша аулап, көзін жойғанымен оң нәтижеге қол жетер емес.
Үй жануарларын асыраған жақсы, әрине. Оларды асырау, ұстау ережесін сақтаған тіпті жақсы. Әйтпесе жақсы көретін үй жануарыңыз сізге не басқаға қауіп төндіруі мүмкін. Ит-мысығыңызды уақытылы ектіріп, өзіңіз де екпе жасата жүріңіз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

№28, 10 шілде 2019 ж