Қазығұрттық аналар атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай жүр

343

Құжат қабылдау басталғалы әйелдер жұмыспен қамту орталығының есігін сан ашқан. Десе де, әлі құжаттары электронды базаға тіркелмеген. Мамандар бар кінәні база жұмысының бұзылуына артып отыр.

«Әлеуметтік көмек деп не үшін айтады, бұл бағдарламамен ақша ала алмасақ? Соған ызам келеді» дейді ашынған аналардың бірі.

Жанарына тығылған жасты әзер тыйып тұрған әйел жан ауыртар жағдайын айтып тұр. Сәуір айынан бері жұмыспен қамту орталығының табалдырығын тоздырыпты. Бірде істеп, бірде істемейтін электронды базаның кесірінен атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсыра алмай жүр.

Замира Қалиева, Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Өткен айдың соңынан бастап келіп жатырмыз. База жабық. Қазығұрт ауданы әкімімен барып отырған кезде әкімнің өзі сұрады сол жердің бастығынан. «База ашық па деп еді?» деп Ашық деді мұндағылар».

Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерінің сөзінше, бірыңғай электронды базаға қосыла алмай отырғанына бірнеше апта болған.

Серік Төлебаев, маман: «База істемей тұр. Бір істейді. Бір адамның құжатын реттейін деп салсаң. шығып кетіп жатыр. База біресе түске дейін істемей қалады. Бірде кешке дейін істемей қалады».

Алайда, «базаның бұзылуы» шиеленістің шеті ғана. Қазығұрт ауданы жұмыспен қамту орталығы директорының сөзінше аданға АӘК үшін бөлінген 2 млрд. 300 млн. теңге үлестіріліп қойған. Облыстан қосымша 1 млрд. 800 млн. теңге сұрауға тура келіпті.

Райхан Керімқұлова, Қазығұрт ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры:
«Біз республикалық бюджеттен 1 млрд 800 млн. теңге қосымша қаржы сұраттық. Өйткені, осыған дейін бөлінген ақшаның бәріне де тағайындау жасалып қойды. 2552 отбасыға АӘК береміз деп жоспарлағанымызбен, 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін 3676 отбасыға көмек тағайындалды».

Қосымша қаражаттың қашан бөлінерін де, базаның іске қосылар күні де белгісіз. Алайда, атаулы әлеуметтік көмек бойынша ақша алғандарға босаңсуға әлі ерте. Келісімшартқа сәйкес берілген қаржыны олар жеке шаруашылығын дамытуға, үйіне мал алуға, не өз ісін бастауға жаратуы керек. Ол ақшаны бұрынғы қарызын жабуға, үй сатып алуға не басқа мақсатқа пайдалануға болмайды. Басқалай жағдайда, қаржы мемлекетке қайтарылады.

Меруерт Ахан