ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев оқ-дәрілер сақталып келген Арыстағы әскери бөлім туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Арыста тағы екі әскери бөлім бар, олар қызметін жалғастыруы мүмкін. Өйткені, ешбір қауіп төндіріп тұрған жоқ және онда оқ-дәрілер сақталмайды. Елбасы мен Президенттің тапсырмасы бойынша енді Арыста оқ-дәрілер сақталмайды. Басым бөлігі қазіргі таңда жойылды. Ал қалғаны Қазақстан аумағындағы басқа қоймаларға жеткізіледі. Арыс бұл арсеналдан толығымен арылды деуге болады», — деді ҚР Қорғаныс министрі.
Ол сондай-ақ оқ-дәрілер Қазақстанның қай өңірлерінде сақталатынын атап өтті.
«Нормалар қайта қаралады. Олар елді мекендерден шалғай орналасқан жерде сақталатын болады. Жергілікті атқарушы басқармаларға елді мекендер қоймаларға және арсеналдарға жақын болмауын қадағалауды тапсырамыз», — деді министр.
«Қару сақтайтын қойманың құрылысы кезінде қашықтық нормативтері сақталады. Арыстағы қойма 1930 жылы салынған. Ол кезде бұл жерде қала болмаған. Ауыл алыс жерде орналасқан. Алайда, сол уақыттан бері елді мекен қару сақтайтын қойманың қақпасына жақындап қалды. Бұл дұрыс емес. Енді мұндай болмайды», — деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, қазір жарылыс себебін анықтау және тергеу жұмыстары жүріп жатыр. «Барлық нұсқаларды қарап жатырмыз. Нақты айту қиын. Дегенмен, бірінші күні-ақ мен өзім бөлім командирімен және арсенал бастығымен бірге қойманың ішіне кірдік, барлық бейнежазбаларды алдық. Қазір тергеу тобы бұл жазбаларды тексеріп жатыр. Тергеу жүргізіледі. Өз міндеттерін дұрыс орындамаған немесе қателікке бой алдырған лауазымды тұлғалардың кінәсі анықталып, қатаң жазаға тартылады. Бірақ бүгінгі таңда ережені бұзу сипаттарын көріп отырған жоқпыз», — деп түсіндірді Нұрлан Ермекбаев.
Министрдің атап өтуінше, Арыстағы арсенал техникалық тұрғыдан ең жақсы жарақтандырылған. «Оқиғаның себебі әртүрлі болуы мүмкін: электр желісінің тұйықталуы, жарылғыш заттағы химиялық реакция, диверсия, басқа заттың түсіп кетуі, шөптің өртенуі. Не дегенмен, Арыстағы арсенал техникалық тұрғыдан ең жақсы жарақтандырылған еді. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Өткен жылы жаңа жүйе, техникалық құрылғылар, күзетпен қамтамасыз етілген. Сыртқы периметрі мен арсеналдың ішкі жағдайына қатысты барлық ақпарат келіп түсетін серверді басқару пульті болды. Қоймаға кіру шектелген. Яғни, мұнда барлық қауіпсіздік шаралары сақталған. Соңғы бірнеше жылда қоймадан 30 мың тоннадан астам оқ-дәрі шығарылды», — деді Нұрлан Ермекбаев.
Қорғаныс министрі журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, залалдың ауқымын бағалады. Оның айтуынша, жарылған снарядтар арзан тұрмайды.