«Үздік учаскелік полиция инспекторы-2019» байқауында Шымкенттің намысын кім қорғайды?

795

Ел бойынша үздік учаскелік полиция қызметкерлері анықталып жатыр. Бұл жолғы сында тәртіп сақшыларының білімі мен біліктілігі ғана сарапқа түспейді. Басты назарға халықтың берген бағасы алынбақ. Тұрғындар үздік инспекторды әлеуметтік желіде дауыс беру арқылы өздері таңдайды. Ауқымды жарыста Шымкенттің намысын қорғайтын тәртіп сақшысымен танысып, жергілікті тұрғындардың да пікірін сұрап, білдік.

Ербол Юсупов — Шымкенттің үздік учаскелік полицейі атанды. Ол қаладағы төрт аудан арасында өткен инспекторлар сайысында топ жарды. Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкері күн сайын таңның атысы — күннің батысы, тіпті түнде де өзіне бекітілген аумақта тәртіпті қадағалайды. Құқық қорғау саласында 15 жылдық тәжірибесі бар аға инспектор жұмысының қызығы мен шыжығын бізден жасырған жоқ.

Ербол Юсупов

Ербол Юсупов, әл-Фараби ауданының ПБ учаскелік полиция инспекторы: «Енді біздің әкімшілік аумақта неше түрлі шақыртулар болады, әр түрлі адамдар кездеседі. Білімді адамдар да бар, нашақорлар да бар, бұрын сотты болғандары да бар, спирттік ішімдікке бейім тұлғалары да бар. Олармен күнделікті жұмыс жүргіземіз, әкімшілік аумақта профилактика істеп тұратын тұрғындармен күнделікті сұхбат жүргіземіз, үйлеріне барамыз уақытылы».

«Уақытылы. Тұрғындардың тынысы мен тынышын жіті бақылауға алдым», — деген, үздіктер байқауында топ жарған учаскелік полицейді сол аумақтың тұрғындары қаншалықты таниды?«Жастар аулада тыныш жүрмейтін кездері бар. Улап-шулап. Сондайда осы учаскелік полиция қызметкерлерін шақырамыз. Ербол мен Ержан деген жігіттер тез арада келіп, мәселемізді шешіп береді», — дейді тұрғын Людмила Ким.

Ақжарқын Бақытқызы: «Енді Ерболды танимыз. Қалғандарының атын біле бермеймін. Жаттап ала алмадым. Бірақ, осында үнемі 5 адамды көремін. Ары-бері жүріп, құқық бұзған адамдарды ұстап, әкетіп жатады ғой. Содан соң шығар, біздің аудан тып-тыныш».

Шымкентте 68 учаскелік полиция пункті бар. Онда 369 инспектор жұмыс істейді. Миллиондық мегаполисте 2300 тұрғынға бір инспектордан келеді.Данабай Алиев, Шымкент қалалық ПД ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы: «Қызмет атқару кезінде ерлік көрсеткен, болмаса аса ауыр қылмыстарды ашқан жағдайда, департамент бастығының қолдауымен  алғыс хат, болмаса қаржылай марапаттаулар көзделген. Бұдан басқа, учаскелік полицейлердің айлық жалақысы шеніне қарай өсіп отырады. Капитан, майор алса, үстінен қосылып отырады. Қазіргі таңда учаскелік инспекторлар орташа есеппен 150 мың теңгедей айлық алады».

Айта кетейік, 2019 жылдың 6 айында учаскелік полиция қызметкерлері тарапынан ашылған қылмыстар — 5,3 пайызға, ал олардың қатысуымен ашылған қылмыстар — 53,9 пайызға артты.

Мөлдір Бекеева