21 000 теңге: ажырасуға да себеп

427

«Мұны да көрдік». Шымкенттік судьялар ажырасу арызының астында қалды. Басты себеп – атаулы әлеуметтік көмек. Мұндай ақпаратты қаламыздың Еңбекші аудан-дық соты мәлімдеді. Судьяның айтуынша атаулы әлеуметтік көмек шарты өзгергелі аптасына он шақты отбасынан ажырасу туралы арыз түсе бастапты.

Жырға айналған жиырма бір мың теңге төңірегінде тосын жаңалықтар таусылар емес. Жұмыртқа мен тауықты санайтынына таң қалып бола бергенде кей аналардың әлеуметтік жәрдемақы алу үшін жасап жатқан қадамы жаға ұстатты. Еңбекші аудандық сотының мәліметінше, соңғы кезде ажырасуға берілген арыздың саны күрт өскен. Азаматтар ажырасып қана қоймай, перзенттерінен де бас тартып жатыр.
– Әлеуметтік көмек беру бағдарламасы басталғалы әкелікті даулау бойынша істердің көлемі көбейіп отыр. 2-3 есе көбейіп отыр. Бір жылда 10 арыздан аспайтындай іс сотта қаралатын. Қазіргі таңда аптасына 10-15 іс түсіп отыр,-дейді Еңбекші аудандық сотының судьясы Қайрат Ізбасаров.
Өкінішке қарай, ажырасу мәселесі заңнамада қаралмаған екен.
— Отбасының ортақ табысы жан басына шаққанда 20789 теңгеден асып кетпеген жағдайда беріледі. Бұл құжаттар міндетті түрде тексеріледі. База арқылы өткеннен кейін тағайындалады. Өздігімізден анықтай алмаймыз. Өйткені мамандардың міндеті — құжаттарды қабылдау. Ары қарай әкімшілікке жіберіледі. Тиісінше, аудан әкімдігі соны анықтайды. Анықтағаннан кейін барып, олар растаса, біз тіркейміз,- дейді ХҚКО маманы Ақнұр Додабаева.
Мемлекет көмегін алғысы келгендер жыры мұнымен бітпейді. Түсінбестік «Жұлдыз» шағын ауданы тұрғындарын да араздастыруға апарған. Бір-бірімен бақталасқан көршілер тексеруші комиссия жұмысына наразы екен. Арнайы топ мүшесі халыққа түсіндіру жұмыстарының қиындыққа соғып жатқанын айтады.
– Әлеуметтік көмектің қандай отбасыларға қажет түсіндіру бізге қиынға соғып жатыр. Тұрмыс жағдайлары едәуір дұрыс болып, әлеуметтік көмектің мұқтаж емес екенін айтқанда олар өкпе-наразылықтарын білдіреді. Мемлекеттің қаржысын аяқ асты қылып, кім болса соның қолына ұстатып жіберуге болмайды ғой. Мұнымен қолымыздан келгенше күресіп жатырмыз,-дейді әлеуметтік көмек комиссиясының төрағасы Оразалы Маханов.
Жоғарыда айтылған оқиғалар мәлім болғанынан кейін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев көпбалалы ата-аналардың ажырасуына осындай себептердің алдын алу үшін цифрландыруды жылдам енгізуді тапсырды.
– Атаулы әлеуметтік көмекті алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен Президент Әкімшілігіне алаяқтықты тоқтату үшін цифрландыру енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК – бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы,- деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.
Айта кетсек, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек басталғалы Шымкентте 51 571 өтініш қабылданған. Соның 33 110-ы комиссиядан өтіп, 30 898 әлеуметтік көмек алыпты. Ал былтыр қаңтар мен сәуір аралығында Шымкентте 235 отбасы ажырасса, биыл осы аралықта неке бұзғандардың саны 300-ге жеткен.

Назерке Үкібасова

«Оңтүстік Рабат», №23, 5 маусым 2019ж