"Қазгидромет" РМК Түркістан облысы бойынша филиалы

Арыста жағдай қалыпқа келді. Зақым келген үйлер жөнделіп жатыр. Тұрғындар тіршілігін жасап жүр. Жергілікті билік 1 қыркүйекке дейін мектептерді де ретке келтіреміз деді. Алайда жарылыстан кейін, қауіп сейілгенімен үйлеріне қайтуға бас тартқандар да болды.

Қалдықыз Шындалиева, Арыс қаласының тұрғыны: «Қайта оралмаймыз, мүлдем. Ол жақта радиация бар».

Жарылыс болған Арыс пен жақын орналасқан елді-мекендерде ауа мен су ластанған радиация бар деген қауесетке сенгендер аз болған жоқ. Әлеуметтік желіде тараған осындай негізсіз алып-қашпа әңгімелерге нүктені «Қазгидромет» мекемесінің Түркістан облысы бойынша филиалы қойды. Аталған мекеме Арыста жарылыс болған аумақта ауа, радиациялық орта мен судың сынамасын ұдайы тексеріп келді.

Зертханада сынама жүріп жатыр

Неля Сәрсенбаева, инженер-химик: «Судың сынамасын Арыс, гидробекет, Шәуілдірде алдық. 48 көрсеткіш бойынша тексеріс болды, барлығы нормада. Радиациялық қауіп  жоқ».

Мекеменің әрбір қызметкері Азаматтық қорғаныс кезінде атқарылатын гидрометеорологиялық шараларды жақсы біледі. Өйткені қандай да төтенше жағдай орын алса, сол аумақтың ауасы және судың құрамы міндетті түрде тексерілуі тиіс. Қорытынды оң болса ғана, халықтың тұруына рұқсат беріледі.

Шынар Оразова