Арыс қаласындағы тиым салынған аймақтан орнынан қозғалтуға болмайтын оқ-дәрілер табылып жатыр. Олар сол орындарында бүркемелеу арқылы жарылады. Оқ-дәрінің қалдықтары жан-жаққа ұшпайды. Тұрғындар үшін келетін қауіп жоқ.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев мәлімдеді. Бүгінгі таңда аталған аумақты жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары атқарылуда.

Бақыт Құрманбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары: «Тиым салынған аймақтың аумағы 400 метр жерді құрайды. Табылған оқ-дәрілерді даралап жару кезінде өрт шықты. Жапа шеккендер жоқ. Әскери өрт сөндірушілер өртті толығымен ауыздықтады. Тұрғындардың өміріне төнетін қауіп жоқ. Ескерте кететін жайт, арсенал аумағына тазарту жұмыстары толығымен бітпейінше бөгде адамдарға кіруге болмайды».

Меруерт Ахан