Төтенше жағдайдан шығынға батқан арыстық кәсіпкерлерге 1 пайыздық 5 миллион теңгеге дейінгі жеңілдетілген несие беріледі. Егер шаруаны дөңгелетіп кетуге бұл сома аздық етсе бағдарлама әрі қарай жалғасатын болады.

Арыстық кәсіпкерлермен кездескен Түркістан облысының әкімі мен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының басшылығы арыстық кәсіпкерлермен кездесіп бағдарламаның шарттарын түсіндірді.

Жиынға қатысқандарды негізінен апат салдарынан зақымданған коммерциялық нысандарды ертерек қалпына келтіру мәселесі қызықтырды. Одан бөлек, жеке мүлікке келген шығынның өтемі де сөз болды.

Арыс қаласында апатқа дейін 346 кәсіпкерлік нысан тіркелген екен. Соның
ішінде 78 пайызы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен. 253 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары, ал 5 ғимаратты қайтадан салу қажет.

Зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау үшін 5 миллион теңгеге дейін бір пайызбен несие беріледі. Қазірдің өзінде осы бағдарлама арқылы арыстық екі кәсіпкер қаражат алған. Егер бұл қаржы аздық етсе несие ұсынудың 2-ш кезеңі ұсынылатын болады.

Олжас Айдарбек