Фото elitar.kz

«Арысқа апта сайын келіп тұрамын». Премьер — министр осылай деді. Арыс қаласына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Асқар Мамин қаланың қалпына келтіру шаралары мен тұрғындардың жағдайы жіті бақылауында екенін жеткізді. Құрылыс жүріп жатқан обьектілерді шолып шыққан Үкімет басшысы жауаптыларға бірқатар тапсырмалар да берді.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Арысқа келген бетте аурухана, мектеп, шипажай секілді маңызы бар нысандардағы қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, Премьер-министр Жамбыл облысының штабына қарасты тұрғын секторында болып, халықпен кездесті. Бұл жерде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қаланың әскери снрядтардан толық тазартылатынын жеткізді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Алдағы бір — екі аптада бітіреміз».

Арыстықтарға берілетін 100 мың теңге мөлшеріндегі мемлекеттік көмек алуға тұрғындардың 98 пайызы өтініш беріп үлгеріпті. Қалған 2 пайызының құжаты жинақталып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың тізімі жасалып, олардың өтініші үйінде қабылданады. Айта кететін жағдай, бір реттік берілетін қаржылай көмекті 55 мың арыстық азамат алады. Осы орайда, жарылыстан кейін басқа қалаларға кетіп қалғандар тарапынан құжаттарды рәсімдеуде қинышылықтар бар.

Арыста жөнделуге тиісті нысандар саны 7 мыңнан асады. Ал, компаниялардың қатары 184-ке, құрлысшылар 6 мыңға жеткен. Алайда, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмысшылардың арасында арыстықтардың үлесі аз екені айтып, көбейтуді ұсынды.

Үкімет басшысы құрылыс жұмыстарын кешеуілдетіп жатқан аймақтарға шұғыл түрде істі жеделдетіп, сапаға көңіл бөлуді тапсырды.

Ғалымжан Кенжебек