Тағдыр айдарының келесі кейіпкері баласының басынан өткен оқиғаны әңгімелеуді құп көріпті. Айтуынша, 6 жасар ұлының көзіне елес көрінгелі бері үйінен тыныштық кеткен. Мұның себебін анықтауға тырысқан ана баласының осындай жағдайға ұшырауына ең алдымен өзін кінәлайды.

– Жасым 35-те. Үш балалы жалғызілікті анамын. Баламның алды 13 жаста. Ал, кішкентайым 6-да. Өзім жұмыс істеймін. Әдетте түнде қасыма кішкентайымды алып жатамын. Осыдан бір ай бұрын таңертең оянсам, балам көрпені қымтап, басын да шығармай жатыр. «Балам, тұра ғой шәй ішеміз» десем де тұрмайды. Жай ғана көрпені ашып қарасам, терлеп кеткен, ыстығы көтеріліп жатыр. Бір кезде орнынан тұрып, құса бастады. Мен аса қатты мән бермедім. «Жеген тамағынан асқазаны бұзылған ғой» деп тек асқазанын емдеуге тырыстым. Екінші күн өтті. Ол құсуын тоқтатпады. Тамақ жемейді, тіпті су да ішпейді. Өзі суды көп ішетін. Осы кезде қорқа бастадым. Дәрігерге апардым. Олар қорқатын ештеңе жоқ екенін айтып, асқазаны сап-сау деп шығарып салды. Үйге келсек те балам құса берді. Басылудың орнына тіпті өршіді. Құсуы жиілей түсті. Тіпті тамақтың иісіне де лоқситынды шығарды. Ешкіммен сөйлеспейді, көңіл-күйі болмайды, артық әрекетті жақтырмайды. Түнде ұйықтарда: «мама, бөлменің жан-жағына жақсылап қара, ешкім тұрған жоқ па, менің аяғымды жақсылап жауып қой, ешкім ұстап алмасын, сен мені құшақтап жат» деген сөздер айтады.
Сосын «саған не болды, мен білмейтін бірдеңе жедің бе, әлде біреу маған айтпа деп ренжітіп қорқытты ма?» деп ақырын сұрадым. Сөйтсем мүлдем мен күтпеген бір жағдайды айтып берді. Алғашында сенгім келмесе де «небәрі 6 жасар бала неге мұндай өтірік айтсын» деп ойланып та қалдым.
Балам сол көрпені қымтап жатып алған күні түнде тұрып су ішкісі келген. Оянып, мені оятпақшы болғанда менің бас жағымда аппақ киініп алған бір апаны көріпті. «Бетінің барын шашы жауып тұр» дейді. Оны көрген ол мені түртіп оятуға да шамасы жетпей, қорқып көрпемен басын жауып жатып қалған. Сол бойы таң атқанша ұйықтамай, көрпеден шықпай жатқан екен. Оның құсып, сөйлемей ауруының сыры да сол болса керек.
Шынымды айтсам, не істерімді білмей қалдым. Өзімнің өне бойымды қорқыныш биледі. Бірақ маған қорқып отыруға уақыт жоқ. Тез арада баламның денсаулығын қалпына келтіру үшін жанталастым. Таңертең ерте мешітке бардым. Баламды имамға көрсетіп, болған жағдайды баяндап бердім. Имам мені тыңдағаннан кейін, қатты қорқатын ештеңе жоқ екенін айтты. Мені сабырға шақырды. Оның айтуынша, балам есейе келе көріпкел болады екен. Көзіне елестердің көріну себебі де сол екендігін түсіндірді. Баланың қорқып қалуының себебі – елестердің баламның әлі кішкентай кезінде көзіне көрінуінде. Сондықтан да ол сол сәтті жанына ауыр қабылдаған. Өзі дайын болмағаны себепті қатты қорқып қалған. Сол үшін де ештеңеге алаңдамауды айтты. Алайда менің жаным жай таппады.
Үйге келген соң психологтың қабылдауына жазылдым. Балама не болғанын білу үшін көптеген маманның кеңесін тыңдау керегін түсіндім. Ертеңінде баламды ертіп психологқа бардым.
Маған психологтың айтқаны ақылыма қонғандай болды. Ол баламды кішкентай бола тұра үнемі жалғыз қалдыру оның бойында қорқыныш сезімін оятқанын айтты. Баламмен әңгімелесуден бұрын менімен сөйлесті. Мен оны үйде жалғыз қалдырған кезде қандай біртүрлі әрекеттер байқайтынын сұрады. Сол кезде есіме түсті.
Екі үлкен балам сабаққа түстен кейін барады. Ал, кішкентайымның сабағы таңертең. Ағасы мен әпкесі сабаққа кететін кезде ол оқуынан келетін. Олар келгенше үйде жалғыз қалады. «Үлкен боп қалдың, өзің жалғыз қалып үйрен» деп қалдырып кете беретінмін. Жұмыста отырған кезімде «қорқып отырмын» деп қайта-қайта хабарласатын. Мен кейде көп мазаламауын айтып, ұрсып беретінмін. Үйге барғанда үйге егіп қойған гүлдерімнен зәрдің иісі шығады. Неге екендігін сұрағанымда әжетханаға баруға қорыққандықтан, гүлдің ыдысына дәрет сындыратынын айтатын. Сол кезде оны жазалайтын едім. Ойлап отырсам, ол маған қорқатынын айтпады емес айтыпты. Бірақ өзім мән бермегенмін. Ойланбағанмын да. «Тәлпіштеніп жүр» деп сәл де болсын басымды ауыртпаппын. Осының бәрі психологтың сұрағынан кейін ойландырды.
Психолог баламмен сөйлескенде: ол үйде жалғыз қалғанда, екі қолы үнемі дірілдеп, бір орыннан қозғалмай отыратынын айтқан. Осы кезде мен жыладым. Көз алдымда баламда болып жатқан жағдайды байқамағаныма, және еш ойланбағаныма ашуым келді. «Жұмыс, жұмыс» деп жүріп қасымда жатқан балама не болғанын білмегенмін де.
Қазір мына интернет дамыған заманда балаларымыз ұялы телефоннан да қайдағыны көруі мүмкін. Бірақ мен балаларымды интернетке әуес қылып үйретпедім. Қолдарына әлеуметтік желіге кіретін телефон бермейтінмін. Тек теледидар көрулеріне ғана рұқсат етемін. Дегенмен арасында менің телефонымды сұрап алады ғой. Мүмкін сондай сәттерде психологиясына әсер ететін видео көрді ма екен, кім білсін?! Бірақ баламның шошынып қалуының басты себебі үйде жалғыз қалуында болған деген ойдамын.
Содан бастап психологтың кеңесіне жүгініп жүрміз. Жұмысымнан сұранып, күнде балам екеуміз психологқа барамыз. Маман баламмен жеке сөйлеседі. Бір апта психологтың кеңесінен кейін ақырындап тамақ жей бастады. Алдын тек су ішіп, шамалы уақыттан кейін оны құсатын. Балам азып-тозып, түтігіп қап-қара болып кетті. Күнге күйген қараға ұқсамайды. Бала психологиялық соққы алып, бойын қорқыныш бойлағанда басқаша қараяды екен. Мен соған да таң қалдым. «Ұйқы» дегенді ұмыттық. Таңғы бестерге дейін ол менен «мама, ана бұрышқа қара, мына бұрышқа қара, ешкім жоқ па, аяғымды қымта, менің қолымды ұстап жат, суды бас жағымызға әкеліп қой, өткендегі апа не үшін келді екен, ол жақсы адам ба, ол маған неге сөйлемеді, маған неге тиіспеді, ол жақсы болғандықтан мені алып кетпеді ғой, иә?!» деген сияқты сөздерді айтып, сұрақтың астына алады. Барынша сабырға шақырып, балам ұйықтамайынша бірге әңгімелесіп, оның қасында екенімді сездіріп, ұйықтамай жатамын. Қазір шүкір, сәл де болсын жақсарып келеді.
Бірінші күні писхолог қабылдауында болғанда аузын ашпады. Қазір ол кісімен еркін сөйлеседі. Маман баламды ешқашан жалғыз қалдырмауымды ескертті. Дер кезінде психологқа келмегенімде, мұндай жағдайды басынан кешірген бала психологиялық ауытқуға ұшырап ауру болып қалатынын айтты.
Жұмыстың жайымен, бітпес тірліктің қамымен қарбалас жүріп, баламның сөздерін елемей жүріп, баламды ауру қылып ала жаздадым.
Сондықтан да кішкентай балаларын үйіне қамап кетіп жүрген ата-ана болса «бұлай жасамаңыздар» деп айтқым келеді. Әйтпесе уақыт өте келе өзіңізді кешіре алмайтындай жағдайға тап келуіңіз әбден мүмкін.
Психолог бізге толық айығып кету үшін әлі деп біраз қабылдауында болуымыз керектігін айтып жатыр. Қазір түнде ұйықтай алмайтынымыз болмаса, тамақ, су ішуді бастадық. Сыртқы бет-әлпетіміз де қалпына келе бастады. Айтпақшы, писхолог үлкен екі балама болған жайтты айтпауымды да ескертті. Сондықтан оларға сыр білдірмедік. Өйткені жасы 12-13 жасар балалар да мұндай жағдайдан қорқып қалып, психологиялық соққы алуы әбден мүмкін екен. Оларға інілерінің асқазаны ауырып қалғанын айттым. Осы жағдайдан кейін баланы мүлдем жалғыз қалдырмау керегіне көзім жетті. Мен сияқты ата-ана болса, оларға да сәл де болсын ой салар деген оймен басымыздан кешкен осы бір оқиғамен бөлісуді жөн санадым. Біреуге болмаса да біреуге сабақ болар.

«Оңтүстік Рабат», №29, 17 шілде 2019 ж
Жазып алған – Жанерке ХУМАР