«Бизнесте және махаббатта жол ашамын», «Көз тиюді кетіремін», « Некесіздік, арақ құмарлықтан арылтамын», «Дуа, бал ашу». Қайда қарасаңыз да осындай жарнамадан көз сүріледі. Саңырауқұлақтай қаптаған балгерлердің қызметіне жүгінетіндер де жетіп артылады. Болашағын білгісі келеді, екіншілері — жоқ іздейді, үшіншілері жол аштырып жатады. Арасында дуалататындар не дуаны қайтарғысы келетіндер де баршылық.
КӨРІПКЕЛДІККЕ СЕНБЕЙМІН…
«Жол ашамын», «Табысты шақырамын», «Махаббатты қайтарамын» дегендерге мүлдем сенбеймін. Еріккеннің ермегі деп білемін. Бірі — жұртты алдайды, ал екіншілері өзін алдайды. Біріншісі — өтірігі үшін ақы алады, екіншісі — сол жалған ақпарат үшін ақы төлейді. Осындай көзқарас қалыптастырғандықтан бал ашу, болашаққа болжам жасау дегенге жаным қас. Балшы-балгерлерден бойымды аулақ ұстауға тырысамын.
Студент шағымда екі құрбым балшы-балгерден шықпайтын. Қазір бірі республикалық, екіншісі облыстық газетте журналист. Сондағы екеуінің білгісі келетіні – кімге, қандай жанға тұрмысқа шығатыны, қай жерде жұмыс істейтіні, қайда тұратыны, тұрмыс жағдайы қандай болатыны, неше бала табатыны? Екеуі апта сайын жаңа балгерді тауып, соған баратын. Мені де үгіттейтін. Бірде екеуінің көңілі үшін солармен бірге барып, бал аштырмақ болдым. Қызығы, сол күні әлгі көріпкелсымақ адам қабылдамайтын болып шықты. Келесі аптада тағы басқасына бардық. Ол ауырып, бізді қабылдамады. Мен мұны «Жаратқанның маған жіберген «белгісі» деп қабылдадым. Сөйтіп, қалжыңдап, көңіл көтермекке болса да бал аштырып, болашағымды болжатудан бойымды аулақ ұстадым.
Десе де «көз тию, тіл өтті» дегеннің хақ екеніне сенемін. Дем салу, аластау, оқытудан да хабарым бар. Көнекөз қариялардың да, 70-тен асқан анамның назарланып қалған балаларды талай рет аластап, дем салып жазып алғанын көрдім. Сондықтан да қазақшылыққа көзқарасым дұрыс.
БАСЫҢА КҮН ТУҒАНДА…
Қазақшылық оң жамбасыма келетін, бірақ сиқырды мойындамайтын менің де «басыма күн туғанда» дуагершіліктің бар екеніне мойынсұнбасыма лаж қалмады.
Күйеуім кенже ұлымызға ойыншық сатып алмақ болды. Бірақ, қалада болмағандықтан бұл шаруаны маған тапсырды. Жұмыстан қол тимейді. Оның үстіне әйел заты ақша үнемдегіш келеді. 3 жасар балаға 60-70 мың теңгеге ойыншық сатып алғым келмеді. Сондықтан да интернет арқылы іздестірдім. Интернет-дүкендерінің бірінен 20-30 мың теңге аралығындағы ойыншық автокөлікті таңдадым. Жолдасымның мені асықтырғаны соншама, түнделетіп болса да әлгі ойыншықты үйге әкелдірді. Балам сол кеште әлгі ойыншықты 5-10 минут қызықтады да қойды. Ертеңіне күнделікті тіршілік, жұмыстың қамымен кеттім. Арада екі күн өткен соң демалыс күні, әлгі ойыншық «мәшинеге» көз салдым. Бажайлап қарадым. Кенет, адам көзі түсе бермейтін бір тұсынан үшбұрыштап бүктеліп, «скотчпен» жабыстырылған қағаз таптым. Мұндайға мән бере бермейтін менің де қағазды көргенде тұла бойым тітіркеніп кетті. Үстімнен біреу мұздай су құйғандай күйге түстім. Мұндай табылған белгісіз қағаздарды қолмен ұстауға болмайтынын талай естігенмін. Бірақ құр сөз деп, елемейтінмін. Бұл жолы да солай болды. Жүрегім аузыма тығылса да, әлгі қағазды ашып, оқыдым.
«Латын әрпімен жазылған, бірақ арапша мәтін» деп ой түйдім. Бір қатарды оқу үшін тілімді «сындырдым». Әрмен қарай оқуға дәтім жетпеді. Аяқ-қолым дірілдеп, өзімді нашар сезіндім. Бірден, молдаға қоңырау шалдым. Оқиғаны, тәппіштеп айтып бердім.
«Мәтінді суретке түсіріп жіберейін, мағынасын айтасыз ба» дегенімде, молда мұның артық екенін айтты. Қағазды өртеп, суға ағызып жіберуге кеңес берді. Сол туралы ойламауға, мешітке барып, отбасы мүшелеріне дем салдыру керегін жеткізді. Сатып алған ойыншықты адыраспандап жіберуімді тапсырды. «Қоқысқа лақтырып, көзін жою дұрыс емес» деді.
«Мұны «дуалау» деп қабылдады»
Сол күннен бастап мені бір қырсық шалғандай болады да тұрады. Бірде анам ауырады, бірде балам ауырады. Әсіресе, алғашқы аптада, бір емес үш балам да төсек тартып жатып қалды. Тамаққа зауқы соқпайды, құса берді. Дене қызуы көтерілді. Бастарының ауыратындарына шағымданатын. Өзімнің де, жолдасымның да бас ауруы жиілеп кетті. Содан әлгі хат есіме орала береді. Мен о хатты дуалаудың немесе өзіне төнген жаманшылықты басқаға бағыттау деп қабылдадым. Дуаның бар екенін имамдар да жасырмайды.
Айтуларынша, Хазреті Ибн Абидин былай деген: «Сиқыр (дуалау) – ғылымға сәйкес келмейтін, жасырын қолданып, әдеттен тыс нәрселерді жасауды талап ететін әрекеттер. Сиқырды үйрену және үйрету харам болып табылады. Мұсылмандарды зияннан қорғау мақсатымен үйрену де харам болады» (Рәддул-мухтар). Имам Раббани хазірет былай деген: «Сиқыр жасау күпірге ең жақын болған, ең үлкен күнә. Хадис шәрифте: «Мұсылман сиқыр жасамайды. Аллаһ сақтасын иманы кеткеннен кейін сиқыр әсер етуі мүмкін» деп бұйырылған» (3 том, 41 мәктуб). Дегенмен, басыма түскен жайттан қазіргі адамдардың сиқырға жүгінетіндерін көруге болады.
Былай қарасақ «сиқыр үйренемін» деген адамға жол ашық. «Қара магия», «Ақ магия» деген атаулармен шығып жатқан сиқыр үйрететін кітаптарды кез келген дүкеннен сатып алуға болады. Ал интернет арқылы табу тіпті, жеңіл. Дегенмен, мұндай қадамға баратындар залалы орасан екенін ойлана бермейді.
– Жаман пиғылды санасына сіңірген пенде көп ұзамай адам бейнесіндегі сайтанға қалай айналғанын өзі де сезбей қалады. Бұл жолға түсу оңай да қайта шығу қиын, тіпті мүмкін емес,-деді имамдар.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Мұхамеджан Естеміров, қалалық орталық мешітінің наиб имамы:
– Құран – адамзатқа ақиқатты жеткізу үшін жіберілген Алланың хақ сөзі. Құранға иман келтіру және әр сөзін ақиқат деп қабылдау — әр мұсылманның парызы. Сондықтан, Құранның аяты келгенде «Иә, ғайыпты білуші тек Алла ғана, бірақ…» деген секілді сөздер мүлдем айтылмайды. Құранның анық аяттарында хабар етілгендіктен, ғайыпты білуші тек қана Алла Тағала екеніне иман келтіріп, оны ақиқат деп қабылдау – әркімнің парызы.
Енді балшыға барушы мен бал ашушының жағдайына назар салайық. Бал ашушы өзін ғайыпты білемін деп жатса, ал адам одан ғайыпты сұрау үшін барып жатса, Алладан түскен хақ сөзге анық қарсылық жасағаны. Олар ғайыпты тек Алланың білетінін теріске шығарып, Құран аятына қарсы шығады. Бұл – ұлы күнә!
Сүйікті Пайғамбарымыздың хадисінде бұл жайында былай делінген: «Кімде-кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед келтірген дінге қарсы шықты». (Ахмад, 2/429 бет). Балшыға барудың зияны онымен бітпейді. Оған қоса, балшыға бару адамның ғибадатқа барлық жолын жабады. Себебі, келесі хадистерде былай делінген:«Кімде-кім балгерге келіп бір нәрсе сұраса, оның намазы қырық күн бойы қабыл етілмейді» (Муслим, 2230).
Мәди Төлегенов, психолог:
— Қазіргі кезде түрлі қоғамдық орталарда адам баласын әртүрлі жолдармен адастырып, өз пайдаларын іске асырып жатқандар бар. Олар — құмалақшылар, балгерлер, экстрасенстер. Әлбетте, ондайлар үшін — кеше де, бүгін де бұл тек бизнес көзі, бірақ басқалар үшін қасірет, олардың өздері үшін ақырет азабы. Бал ашу да, аштыру да шариғатта харам. Бүгінгі кездері, өкінішке қарай, бүкіл әлемде бұл дерт мейілінше өршіп тұр. Өмірдің түрлі қиыншылықтарына тап болғандар, рухани күйзеліске ұшырағандардың көп жағдайларда өзін тыныштандыратын, жанға жайлы, құлаққа жағымды сөздер айтатын адам баласын іздейтіні сөзсіз. Кейбір жағдайларда иманы әлсіздер мұндайда бақсы-балгерлерден шипа іздейді. Жасыратыны жоқ, писхологиясы әлсіздер, өмірдің теперішін көп көргендер, еңсесі түсіп езілгендер әрқашан жылы сөздерден жанына демеу, сүйеу тапқысы келетіндер өздерін жұбату үшін, көңілдерін тоқ қылу үшін балгердің көмегіне жүгінеді. Өздерін солай жұбатады.
Жоғарыда айтқан кейіпкердің мәселесінде де сондай. Мұны екі тұрғыдан қарастырайын. Сатушы мен сатып алушы. Мұнда ешқандай дуа болмауы мүмкін. Ойыншықтың иесі, тауары тездетіп өтіп кетсен деп, сүре немесе өз наным сеніміне қарай жазбаларды жазып қойған болуы мүмкін. Оның психологиясы сондайға — сенетінін көрсетеді, яғни болмашы заттарға сенім артады. Сәттілікті сондай амалдардан іздейді. Сатып алушыға келер болсақ, қағазды көрген сатып алушы теріс қабылдады. Жүрегіне жақын алды. Оның психологиясына солай әсер етті. Енді жадына «жамандық» деген сигналды түйіп алған ол тек жамандықты күтеді. Бұл да оның психологиясының әлсіз екенін көрсетеді. Адам өзінің өмірінің иесі. Егер жақсы жағына өзгерткісі келсе жақсылықты, жамақ жағына өзгерткісі келсе тек негативті ойлауы керек. Бұл солай болады да…
«Оңтүстік Рабат», №29, 17 шілде 2019 ж
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ