Дәріханалар дәріні рецептсіз босатқан жағдайда жауапқа тартылады. Салынатын айыппұлы да қомақты. Дәріні рецептсіз сатқандардың жазасы ауыр болатынын Дәрілік заттарды рецептуарлық босату шараларын күшейту тақырыбында өткен брифингте айтылды.
Талап қатаңдатылып жатқанда шетелден заңсыз әкелініп жатқан дәрі-дәрмекке тосқауыл табылмай тұр. Жыл басынан бері елімізге 204 млрд. теңгенің дәрілері жеткізіліпті. Оның ішінде 298 түрі жалған дәрі болып шыққан. Дәрілік заттарды сату ережелерін бұзғандарға қанша айыппұл салынбақ? Ал қымбат дәрілерді тықпалайтындардың жазасы қандай?
Дәрілік заттарды сату ережелерін бұзғандар 70-тен 1 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса лицензиясынан алты айға айырылады. Белгіленген бағаны сақтау шаралары да бақылауда болады.
Людмила Бұйрабекова, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы: «Дәл қазіргі уақытта дәрілердің бағасы нақтыланып, тіркелген. Көтерме-бөлшек сатылымдағы бастапқы бағалары туралы бұйрық Әділет министрлігінде бекітуге жолданған. 10 шілдеге дейін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодекске сәйкес барлық бағалар белгіленіп бітуі тиіс. Кейіннен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланатын болады».
Фармацевтика компанияларымен ауызжаласа жұмыс істейтін дәрігерлер де жоқ емес. Қымбат дәрілерді тықпалайтын шипагерлерге көрілетін шара да осал емес. Медицина қызметкерлері сыйақы алу мақсатында дәрілік заттар жарнамасына қатысса, жұмыс орнында сатса, дәріханаларға жіберсе маман сертификатынан айыра отырып, 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік нысандары 300 АЕК айыппұл арқалайды.
Ләззат Қашқымбаева, Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары: «298 дәрілік заттар Қазақстанда тіркелмеген, қауіпсіздігі мен сапасы белгіленбеген дәрілік заттар айқындалып отыр. Ал 2018 жылы облыс бойынша 17 дәрілік заттардың түрлері елімізде тіркелмеген дәрілік заттар болып табылды. Қауіпсіздігі айқындалмаған дәрілік заттарды бөлшек саудада сатуға болмайды».
Денсаулық сақтау министрлігі дәрі — дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту жұмыстарына белсене кірісіп кетті. Рецептілерді жазып беру рәсімдерін және дәріханалардан препараттарды алуды жеңілдету үшін 2020 жылдан бастап электрондық форматта жұмыс істейтін болады. Бүгінде Атырау, Қарағанды қалалары жаңашыл бағытты ұстана бастаған. Ал миллионды мегаполисте қашан қолға алынатын әзірге белгісіз.
Гүлжан Көшерова