Еркебұлан Кеңес: «Арманым – желкенді спорттан Азия чемпионын шығару»

707

Желкенді спорт. Су спортының бір түрі. Аракідік теледидардан көріп, интернет видеоларынан қарап, фотосуреттеріне көзіміз түсетіні болмаса, Оңтүстікте көк толқынды желкенді қайықпен бағындыратын спорт турасында білетіндер аз. Десе де соңғы жылдары желкенді қайық спортына аз да болсын көңіл бөлініп, насихатталып жатыр.

Жел болмаса, жаттығу жоқ

Желкенді спорт — күрделі техникалық спорт түріне жатады. Әйелдер мен ерлер бірге қатысады. Күш пен ептілік қатар сыналатын спортта жеңіске жету үшін қайықты шебер басқара білу қажет. Яғни спортшы толқын үстінде желге қарсы бағытта желкенді қайығын жіпті тарту арқылы айналасына кедергі келтірмей, ара қашықтықты сақтай отырып, белгіленген дистанцияда толығымен бір айналымды алғаш болып жүзіп өтеді. Жарыс кезінде қайығы төңкеріліп кетпеуі қажет. Желкенді спорттың басқа су спорты түрлерінен ерекшеліктері де, қиындықтары да көп. Мысалы, жеткіншектер көп қызығатын футбол, волейбол және баскетболда доп, қақпа мен тор болса, сыртта да іште де жаттыға береді. Ал желкенді спортта ең бастысы – жел болуы керек. Жаттығу да, жарыс та жел болмаса, басталмайды. Сондықтан да жаттығуда көптеген кедергілер туындап жатады. Алайда осы кедергілерге қарамастан, желкенді спорттың дамуына өз үлесін қосып жүргендер бар. Бірақ аз.


Кейіпкеріміз Еркебұлан Кеңес солардың бірі. Ол – өңіріміздегі желкенді спорт тарихында қазақтан шыққан алғашқы және әзірге жалғыз жаттықтырушы. Небәрі 23 жасында аға жаттықтырушы деңгейіне көтерілген Еркебұланның мақсаты – желкенді қайықтың «құлағында ойнайтын» қаракөздерді көптеп баулып, чемпиондар шығару.

Каноэден – желкенді спортқа дейін

Еркебұлан спорттағы жолын каноэда есуден бастаған. Каноэда жүрген жігіт желкенді спортқа қалай келді?!
Ендеше басынан баяндайық. «13 жасыма дейін су спорты түрлері жайында не көрген, не білген емеспін» деген Еркебұланның айуынша, жездесі іс-сапардан қайтып келе жатқанда, орыс ұлтының бірнеше азаматымен әңгімелеседі. Олар жездесіне балаларының су спортына, атап айтқанда каноэда, байдаркада есу, желкенді спортына қатысатынын айтып қалады. Содан кейін жездесінің су спортына қызыққаны соншалық, шымыр Еркебұланды Бадам су қоймасына алып барады. «Әуелде тек жүзуге барған едім, суды көріп, каноэ кайығына отырғаннан кейін бұл спорттан басым айналып, кете алмай қалдым» деп еске алады Еркебұлан. Оның ептілігін көрген жаттықтырушы бірден командасына шақырады. Осылайша Еркебұлан Кеңес каноэда есу спортында қалады. Жетістіктері де жоқ емес. Атап айтқанда, 2010 жылы ел чемпионатында бірінші орыннан көрінді. Қырғызстанда өткен «Көршілес» байқауында топ жарды. Бірақ 19 жасында спорттан кетуге мәжбүр болды. Себебі сол кездері Еркебұланның отбасы қаржылай қиындықты бастан өткізеді. Отбасының жалғыз асыраушысы ақша табу мақсатында Астанаға жұмысқа кетеді. Бір жылдан кейін анасы сырқаттанып, оған күтім жасау үшін Шымкентке оралады. Сол кезде спорттағы достары хабарласып, тауға демалысқа бара жатқандарын айтып, бірге сергіп қайтуға шақырады. Еркебұлан тауда алғашқы ұстаздарының бірі, спорттағы қамқоршысы Денис Жарменовті кездестіреді. Денис Еркебұланға каноэ спортынан жаттықтырушы болуды ұсынады. Осылайша күнгейде ескек есу спортынан алғашқы қазақ жаттықтырушысы болып қызметін бастайды. «Жұмыс та нәтиже де аз болмады» деген ол каноэ есу спортынан жақсы дәрежеге көтеріледі. Мұны байқаған облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшысы Денис Жарменов Еркебұланға кенже қалған желкенді спортта жаттықтырушы болуды ұсынады.

Еркебұлан Кеңесов, желкен спорты бөлімінің аға жаттықтырушысы:
– Оңтүстік Қазақстан облысының су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде 2 жыл каноэде, 1 жыл желкенді қайық спортында балалармен жұмыс істедім. Жақында аға жаттықтырушы қызметіне тағайындалдым. Енді тек балалармен ғана емес, жаттықтырушылардың да жұмысын тікелей қадағалаймын. Балалармен тез тіл табысамын, сөзімді тез өткізе алатын қасиетім бар. Сондықтан болар қиынға соқпады.

Кейіпкеріміздің айтуынша, су спортына қатысатындар оқу-жаттығуды еліміз бойынша жалғыз спорт кешені болып саналатын Бадам су қоймасындағы ескек есу спортының базасында өткізеді. Аптасына 6 рет жаттығады. Мектептен жаттығу базасына дейін көлік қарастырылған. Ал жарыс алдындағы жиында 18 күн бойына базада арнайы спортшыларға арналған ғимаратта қоныстанады. Тамағы, жүріп-тұруы тегін. Еркебұланның айтуынша, жел болмай қалатын жағдайлар жиі болады екен. Сол кезде жабық спорт залда физикалық жаттығу жасап уақыт өткізеді.
Қазір Шымкентте желкенді спорттан 40 шәкірт жаттығып жүр. Олардың ішінен Вадим Иванов және Владимир Сенкин жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпиондары. Ал Марина Морозова мен Арон Баков ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.

Марина Морозова, республикалық турнир жеңімпазы:
– Бұл спортта жүргеніме 5 жыл болды. Жасым 17-де. 3 жылдан бері Қазақстан құрамасындамын. Желкенді спорттың арқасында біраз ел аралап, жер көрдім. 11-сыныпта оқимын. Мектепті бітіргеннен кейін де желкенді спорттағы жолымды жалғастырып, жаттықтырушыға айналып, болашақта осы спорттан жеңімпаздар дайындағым келеді.

«Бүгінде Қазақстанда су спорты түрлерінен жоғары жетістік көрсетіп, түрлі халықаралық жарыстардан жүлделі оралып жүрген қазақстандық спортшылардың арасында қазақ ұлтының қыз-жігіттері жоқтың қасы». Бұл- «Оңтүстік Рабат» газетінің 2015 жылы 14 қаңтарда жарық көрген №27 санында жарияланған «Көк дөненнен көк айдынға» атты мақаладан үзінді. Содан бері өзгеріс болмағанға ұқсайды. Себебі су спортынан айтылатын үздіктер тізімінде де қаракөздердің аты-жөнін кездестірмейсіз. Мұның себебін Еркебұлан Кеңес былайша түсіндірді.
– Желкенді спортты жаңаша бағытта өрбіту керегін сеземін. Мектептерде насихат жұмыстарын үздіксіз жүргіземін. Мұндағы мақсат – желкенді спортқа қазақ балаларын көбірек тартып, олардың арасынан Қазақстан тарихында болмаған Азия чемпионын шығару. Бұл арманымның ауылы да алыс емес. Себебі соңғы бір жылда бұл спортқа келген қазақ балалары бар. Олар әлі кішкентай, сондықтан нәтижеге жетуі үшін тағы кем дегенде бір жыл уақыт керек. Бірақ қазірдің өзінде таланттылар бар. Мысалы Азамат және Заңғар деген екі шәкіртім болашағынан үлкен үміт күттіреді. Қазақ қыздары да келіп жатыр, — дейді ол.
Еркебұланның айтуынша, спорт мектебіне 11 жастан асқан балаларды қабылдайды. «Жел мен толқыннан қорықпайтын жастарға есігіміз ашық» деген жаттықтырушының айтқанынан білгеніміз, желкенді спортта жастық шектеу жоқ, денсауалығың жараса, қатыса беруге болады екен.
Жаттықтырушысы әңгімесінде атап өткен Заңғар Әбдірахман қазір 13 жаста. Суды сезіне білетін бозбаланың арманы – Азия чемпионы атану.

Заңғар Әбдірахман, желкенді спортқа қатысушы:
– Маятас ауылында тұрамын. Еркебұлан аға командасымен біздің мектепке келіп, бұл спортпен таныстырды. Қатты ұнап қалды. Ата-анам бірден рұқсатын беріп, мектепке қабылдандым. Таңертең сабаққа, түстен кейін жаттығуға барамын. Бір жылда оптимист қайығынан кадетке ауысқан кезде, қуанышымда шек болмады. Алғаш рет осы наурызда Шымкентте өткен Қазақстан Кубогына қатыстым, бірақ орын алмадым. «Дайындығым аз болды» деп ойлаймын. Енді алда Қапшағайда жарыс бар. Сол жақта жұлдызым жанып, топ жаратыныма сенемін. Кейін Азия чемпионы боламын»
«Әйткенмен Шымкент жастарының көбі бұл спортты біле бермейді, қызығушылығы жоғары деп те айта алмаймын» , — дейді Еркебұлан. Ал қызығушылық болмаса, сол спорттың дамуы қиын. Айтуынша, тек Шардара қаласының кәрі-жасы желкенді спортты жетік біледі, қызығады. Себебі, Шардарада КСРО заманында бұл спорт жақсы дамып, мықты спортшылар шыққан. Кейін одақ тарап, сол жердегі желкенді спорт жабылды.
Еркебұлан болса, шағалалы мекенде желкенді спортты жаңғыру мақсатында желкенді спорт бөлімшесін ашты. Айтуынша, қазір 30 бала жазылып, жаттығып жүр. Олардың 70 пайызы – қазақ балалары екен.

Бір қайық — 2 млн теңге

Еркебұлан Кеңестің айтуынша, осыған дейін желкенді қайық спорты бойынша облыс құрамасы ел ішіндегі байрақты бәсекелерге қатысып, айдарынан жел ескені рас. Мәселен, жақында ғана Шымкентте алғаш рет өткен Қазақстан Кубогында облыс құрамасы үшінші орын алды. Бірақ, кез келген спорттың жаңа деңгейде көтерілуіне халықаралық аренада өсудің тікелей ықпалы бар. Яғни, спортшы халықарылық дәрежедегі байқауларда топ жарса, оны бұқара естіп, таниды. Халық тарапынан қызығушылық туындайды. Желкенді спорт — олипиадалық ойындар тізіміне енгізілген. Соған лицензия алу үшін де талай тартысты бәсекеде жеңіс тұғырынан көріну керек. Бірақ біздің спортшылар шет елде топ жару былай тұрсын, басқа елде өтетін жарыстарға да қатысқан емес. «Өйткені бір жарыс 10-12 күнге созылады. Сол аралықта спортшының жүріп-тұруы, жол ақысы, қайығын тасымалдауға көп қаржы жұмсалады», — дейді ол. Айтуынша, мұндай қаржы бюджеттен бөлінбейді. Әлбетте аймақтарды ұмытпаған жөн. Кәсіпқой спортта жоғары жетістікке жету үшін ішкі бәсекелестік те маңызды. Бүгінде желкенді спорт бірнеше қалада ғана бар. Географиясын кеңейткен сайын халықаралық дәрежедегі спортшыларды көру мүмкіндігі арта береді.
– Тежейтін тағы бір мәселе — қайықтардың жетіспеушілігі, — дейді Денис Жарменов. Яғни, 2017 жылға дейін спортшылар Кеңес дәуірінен қалған қайықтармен жаттығып келіпті.

Денис Жарменов, Оңтүстік Қазақстан облысының су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі басшысы, Ескек есу және желкенді спорт қоғамдастығының төрағасы:
– Бір жаттығу қайығының бағасы кем дегенде – 2 млн теңге тұрады. Міне, 2017 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 10 жаңа яхта сатып алдық. Соған дейін Кеңес дәуірінен қалған 10 қайықпен жаттығуға мәжбүр едік. Көп уақытымыз соны жөндеумен өтетін. Әлі де қайықтардың жетіспеушілігі сезіледі, себебі балалар көп келіп жатыр. Оның үстіне бір емес екі бөлімшеміз: Маятаста және Шардарада барлығы 70 жас спортшымыз бар. Оларды 5 маман екі ауысымда жаттықтырады. Өкініштісі, бұл спорттың дамуына өз үлесін қосқысы келетін демеушілер жоқ. Ал облыстық бюджет жыл сайын қаржы бөле бермейді.

Желкенді спорттың басты құралы – қайықты әр спортшы жарысқа өзі дайындайды. Қайықтан басқа, желкен және қайықты басқаратын жіп болуы керек.
– Қайықтарды спортшының мүмкіндігі мен жас ерекшеліктеріне байланысты, оптимист, кадет, луч, радиал сынды түрлерге бөледі,-дейді Еркебұлан Кеңес.
Денис Жарменов басқаратын оқу ордасында ескек есу (байдарка, каноэ) триатлон, желкенді спорт және жүзу су спорты түрлеріне жаттықтырады. Еркебұланның сөзінше, ескек есу спорты қатты дамыған. Кейінгі орындарға жүзу, триатлон жайғасты. «Ал желкенді спорт дамымаған спорт түрі» деп атап өтті. Оның бірнеше себебін жоғарыда айтты. Бірақ дамыған спорттың қатарына ену үшін жұмыстар жасалып жатыр.
Айтуынша, жақында ОҚО Ескек есу жән желкенді спорт қауымдастығы мен Желкен спорты бойынша Бүкіл Ресейлік Федерациясы арасында келісімшартқа қол қойылған. Бұл құжат – облысымыздың желкеншілерін Ресейде жаттығуына, сондай-ақ Ресейдің озым мамандары бізге келіп, білгенін үйретуге мүмкіндік береді.
Иә, бүгінгі күнге дейін біздің спортшылар жарыстың бұл түрінен халықаралық дәрежедегі беделді бәсекелерге қатыспағанымен, қатысқандары жоғары биіктен көріне қоймағанымен, Еркебұланның алдағы күнге сенімі мол. Өйткені, бірден болмаса да, әсте-әсте даму бар. Бірақ дамытуды қажет ететін тұстары да жетерлік. Ендеше жас маманның ісіне сәттілік серік болсын.

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті, №18, 2 мамыр 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті