Шардара АПБ-нің кезекшілік бөлімшесіне бірнеше тұрғын хабарласып белгісіз азаматтың оның ақшасын алдау тәсілімен алып, қайтармай қойғандығын хабарлайды.
Бірінші хабарласқан жәбірленушінің сөзіне сенсек, 2019 жылдың мамыр айында жергілікті тұрғын көпбалалы аналарға беріліп жатқан жәрдемақыны алу үшін танымайтын, алайда өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырған азаматқа 50 000 теңгесін беріп, мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алып беруге көмек сұраған. Тап сол күні аудандық полиция бөліміне екінші жәбірленуші арызданады. Ол да белгісіз азаматқа 70 000 теңге беріп, мемлекеттік жәрдемақыдан қомақты қаржы алып беремін деп сендірген адамның ақшасын қайтармай жатқандығын хабарлайды.
Осылайша алаяқ жәбірленушілерге жалпы сомасы 100 000 теңгеден астам шығын келтірген.
Аталған жайт, Шардара АПБ ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынды. Сақшылар қылмысты дер кезінде ашу мен алаяқ құрбандарының саны одан әрі артып кетпес үшін, Түркістан облысы Шардара АПБ қызметкерлерінің арасынан тергеп-тексеру тобын құрды. Тәжірибелі мамандар жәбірленушілерден тиісті сұрақ-жауаптар алып, тыңғылықты тексеріп, қажетті шаралардың барлығын атқарды.
Нәтижесінде, жедел құрылған тергеп-тексеру тобы күдіктінің түр-тұлғасын анықтап, жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғынды құрықтады. Ұсталған азамат отбасылы, бұрын соңды сотты болмаған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Жанар Есенбекова