Қазір Түркістан қаласының тарихи бөлігінде және жаңадан түсіп жатқан бөлігінде де қазба жұмыстары мен құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қаланың көне тарихи бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары басталған. Соның негізгілерінің бірі – Күлтөбе қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы туралы Қазақ ғылыми-зерттеу инститиутының жетекші маманы, Күлтөбе экспедициясының жетекшісі Серік Ақылбекпен әңгімелестік.
– Серік Ақылбекұлы, бұл жоба басталмай тұрған кезде ескерткіш қандай жағдайда еді?
– Күлтөбе – көне Яссы қаласының қирап қалған орны. Кесененің оңтүстігіне қарай 300 метр жерде орналасқан. Алғашқы Түркістан қаласының пайда болған жері. Кесененің батыс жағында ескі Түркістан деген атпен белгелі XIII және XIV ғасырдан бастап XX ғасырға дейін өмір сүрген Түркістан қаласының жұрты. Күлтөбе ол біздің дәуірімізге дейінгі I ғасыр мен XIII ғасырға дейінгі өмір сүрген қаланың жұрты. Бұл екі ескерткіштің алып жатқан аумағы 80 гектарға жетеді. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі құрылғаннан кейін барып осы ескерткіштердің териториясы қорғауға алынған. Ал соған дейін бұл жер бос жатқан. Сол кезде қала тұрғындары бұл жерге рұқсатсыз қоқыстарын тас-тай бергендіктен қоқыс тастайтын алаңға айналып кеткен. Сол себепті, ескерткіштің беті түгелдей 50-70 жылдар аралығында төгілген қоқысқа толы. Тіпті қоқыс ескерткіштің бетін жауып қалған деуге де болады. Мұнда 50-жылдары химиялық әскери бөлімше тұрғаны айтылады. Сол кезде де олар төбенің басына орлар қазып, сол ордың ішіне қаруларын орнатқан. Осылайша ескерткішке үлкен зақым келген. Бұл ескерткіштің топыраған трактормен қазып алып кеткен екен. Сол жағдай да қазіргі қазба барысында анықталып жатыр. Кейінгі Түркі заманындағы кесек қабырғадан тұрғызылған қаланың қамалын түгелдей сүріп алып кеткендегі анықталып отыр. Міне, бұл ескерткішке осыншама көп зақым келген.
Сонымен қатар, 50-70 жылдар аралығында Қ.А. Ясауи кесенесінің айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Сол кезде кесененің айналасындағы биіктігі 2-3 метр болатын мәдени қабаттарды XIV ғасырдағы деңгейіне алып келеміз деп трактормен сүріп тастағаны да белгілі болып жатыр. Осылайша Күлтөбе жақтағы кішкентай көлшіктердің орнын топыраққа толтырып тегістеп тастаған. Кейін жерасты суын тартатын дренаж жасаған сол заманда. Ол дренажды қазу барысында біраз ескерткішке көптеген зақым келген.
Міне, біз осы жұмысты бастаған кезде Күлтөбе ескерткішінің жағдайы осындай адам шошырлық жағдайда болатын.
– Бұл жердің Яссы қаласы екені қашан белгілі болды және археологиялық жұмыстар қашаннан бастап жүргізілді?
– 70-жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде бұл жердің көне Яссы қаласы екендігі сол кезден-ақ белгілі болған. Бірақ кеңес дәуірінде оған аса көңіл бөлінбеген. Құнды ескерткіш ретінде ешкім оны қадағалап, қарамаған.
Тәуелсіздік алып, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі құрылғаннан кейін барып територия күзетке алынып, қоқыс тастауға тыйым салынған. Бет алды қазуға жол берілмеді. Бұл жерге археологиялық зерттеулер 2011 жылдан бастап, жүргізіліп келеді. Алғаш басталғанда археологиялық институтының маманы Ерболат Смағұлов болатын. Осы топ Күлтөбенің басындағы ең көне бөлігін тауып аршыды. Ол жерден б.з.д I және II-III ғасырға тән үлкен ғимараттың орны ашылды. Ол ғимарат төрт аша түрінде салынған. Бірақ бұл ғимарат кезінде қандай қызмет атқарғанына әлі жауап табылмай келеді. Ол ғибадатхана ма, қамал ма әлі белгісіз. Бұған қатысты әлі де зерттеулер жүргізіліп жатыр.
– Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру қалай жүріп жатыр? Осы жоба туралы толығырақ айтып беріңізші.
– Былтыр Елбасының жарлығымен Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан кейін қаланың жаңаша даму жоспары жасалына бастады. Сол даму жоспарының аясында осы Әзірет Сұлтан кесенесінің айналасын абаттандыру жұмыстары да қолға алынды. Сол жұмыстар аясында ҚР Мәдениет және спорт минстрлігінің ұсынысымен осы Күлтөбенің орнына археологиялық парк жасау туралы жоба қабылданды. Бұл жобаны орындаушы – Қазақ ғылыми зерттеу мәдениеті институты. Ал осы жобаға қаржы бөліп жатқан «ERG» компаниясы.
Бұл жоба бойынша Күлтөбе мен оның айналасындағы територияларды толық археологиялық тұрғыдан зерттеп, қылпына келтіріп, реставрация жасап, адамдар келіп тамашалайтын ашық аспан астындағы археологиялық саябаққа айналдыру. Археологиялық саябақ болатын територияның ауқымы 27 гектар. Ол үш жылға бөлінген. Мысалы 2019-да 9 гектар, 2020-да 9 гектар және 2021-де тағы 9 гектар деп жобаланып отыр. Биыл археологиялық зерттеулер 9 гектар жерде жүргізіледі. Биыл зерттелетін территорияға Күлтөбенің орталық төбесі мен кесенеге жақын солтүстік бөлігі жатады. Бұл жерлерге археологиялық зерттеу жасалғанда қаланың даму жолынан әр кезеңінен көрініс береді. Мысалы солтүстік жағында Қазақ хандығының дәуірін, Қоқан заманын көрсетеміз. Ал, орталық бөлігінде Қаңлы дәуірінің б.з.д I және б.з.д II антикалық дәуірден көрініс көрсетеміз. Және сол маңдағы Түрк, Түргеш, Қарлұқ қағанаты тұсындағы қаланың дамуын, бейнесін көрсетуге тырысамыз. Ал, енді үшінші кезең ол, Қ. А. Ясауидің өмір сүрген кезеңі. Ол 11-12 ғасырлардағы Қарахан мемлекетінің тұсы. Осылайша қаланың дамуындағы ірі-ірі төрт кезеңді көрсету жоспарда бар.
– Қазба жұмысы барысында осы уақытқа дейін қандай құнды жәдігерлер табылды?
– Дәл қазіргі кезде Қаңлы дәуірі әлі зерттеліп жатыр. Біраз жері аршылып та қойды. Биылғы зерттеуде сол Қаңлы дәуіріне тән бөлмелердің ішінде II ғасырға тән алтын әшекейлер табылды. Біз Күлтөбенің төбесінде Түркі мемлекеттерінің кезеңін де қазып жатырмыз. Ол жерден Түргеш қағанатының қола теңгесі табылды. Бұл қытай теңгелерінің түрінде жасалған. Ортасы төртбұрышты тесік қоладан құйылған теңге. Оның ішінде Түргештердің елтаңбасы бейнеленген. Және келесі бетінде соғды тілінде жазылған «Түргеш қағаны» деген жазуы бар.
IX-X ғасырдағы қаладағы сауда-саттықтан мағұлмат беретін Бұхар Худат типіндегі монеталар табылды. Оның біреуі мыс екіншісі күміс теңге. Бұл күміс теңгелердің болуының өзі сол кездегі қала экономикасының, сауда-саттықтың едәуір мықты болғандығын айғақтайды. Қаланың тағы бір қарыштап дамыған кезеңдері ол қазақ хандығы мен Қоқан хандығының тұсы. Сол кезеңдердегі үлкен көшелер, үйлердің орны ашылып, көптеген заттар табылып жатыр. Парсының, Орыстың, Қоқан хандығының тиындары табылды.
Және Күлтөбенің тұсынан Қазақ хандығының тұсына жататын кірпіш күйдіретін пештер таптық. XIV ғасырда кесененің құрылысы жүріліп жатқан кезде пайдаланылған болуы мүмкін. Және құмыра күйдіретін пештер де табылды. Осы құмыра күйдірілетін пештерде жасырылған кітап қалдықтарын да тауып алдық. Бұл XIX ғасырдағы литера баспасында басылып шығарылған сырты көңмен қапталған кітап. Ол кітап қазір реставрациядан өтіп жатыр.
Елімізге белгілі реставратырымыз Қырым Алтынбек өзі қазба басына келіп, сол кітапты бүлдірмей алып, қазір Алматыдағы лавараториясында кітаптың сырын ашып, зерттеуге тырысып жатыр. Енді оның сақталуы өте нашар. Сондықтан да біраз уақытты және еңбекті қажет етеді.
– Түркістән аумағының қай жерлерінен неше пеш орны табылды?
– Біз екі пеш орнын таптық. Оның біреуі кішігірім ал екіншісі шамалы үлкенірек. Кішігірім кірпіш бір маусымда 25 мыңдай кірпіш күйдіруге қуаттылығы бар. Екінші сәл үлкен пеш біріншісінен қуаттырақ. Бір маусымда 50 мыңға жуық кірпіш күйдіруге қауқары жетеді. Енді мына кесенені салуға миллиондаған кірпіш кеткен. Сондықтан қазба жұмысы барысында мұндай пештер әлі де көптеп табылатынына сенімдіміз. Өйткені, кесенені кірпішпен қамтамасыз ету үшін мұндай пештер көп болуы қажет. Мысалы Түркістанның төңірегіндегі Қалашық өзенінің бойынан да осындай кірпіш күйдіретін пештер табылған. Бұл жерде тек қана кірпіш емес кесененің сыртын қаптаған әрлеуші сырлы плиткалар да осы жерлерде шығарылған деп есептеп отырмыз. Себебі сол пештердің айналасынан шыңылтыр жасауға қажетті шикізаттарды таптық. Бұл осы кесененің сыртындағы әрлеуші кірпіштердің де осы жерде дайындалғандығының бір дәлелі бола алады.
– Қазба жұмыстары қашанға дейін жалғасады?
– Қазба жұмыстары әлі де жалғасады. Енді осы біздің аршып зерттеген жерлерімізде реставраторлар тамыз айынан бастап жұмыстарын бастайды.
Археологиялық зерттеу жұмыстар қаңтар айының 17-сінде басталған. Қазір алты ай бойы тоқтаусыз жұмыс жүргізіп келеміз. Күлтөбе экспедициясының құрамында 10 ортяд жұмыс істейді. Жалпы жұмысшылардың саны 180-ге жетті. Археологтардың саны 20. Алдағы уақытта жұмысшылардың санын 280-ге дейін арттыру ойымызда бар. Өйткені, жұмыс өте ауқымды.
Археологиялық жұмыстарға бас-ты кедергі ол Кеңес одағы кезіндегі қоқыстан ескерткішті тазалап алу. Өте көп күш осы қоқыстан тазартуға жұмсалып жатыр. Қазір арнайы техникамен тазалаудамыз. Тракторлармен сүріп, оны жүк машиналарына артып, арнайы қоқыс тастайтын орынға тасып жатырмыз. Осы қоқысты тазалау көп уақытты, қаражатты, күшті алады.
Археологиялық қазба жұмысты жүргізбес бұрын сол орынды тазалап алу басты мәселе болып тұр.
Сұхбаттасқан – Жанерке Хумар
№28, 10 шілде 2019 ж