Әлемде бір күнде өз кәсібін бастаған 65 адам миллионер атанады екен. Бірақ, олар мұндай табысқа бір күнде жете қойған жоқ. Сол үшін жылдар бойы еңбектенді. Арманын жүзеге асырып, идеясына жан бітіру үшін тер төкті. Бәлкім, дәл қазір болашақ миллионердің бірі шымкенттегі «Бизнеске арналған үкіметке» келіп өз жобасын ұсынуда. Арманына бір табын жақындай түспек. Мұндағылар өз кезегінде идеясы бар, кәсіп бастауға білек сыбанғандарды қашан да қолдауға әзір.

МАҚСАТҚА ЖЕТЕМ ДЕСЕҢІЗ…

Армандай білген жақсы, әрине. Бірақ сол арманға ұмтылып, діттеген мақсатыңа қарай нық қадам жасай білу бұдан да жақсы. Әсіресе, мемлекеттен қолдау барда. Сондай қолдауға ие болғандардың бірі – шымкенттік Гүлісхан Нахбаева. Бұл есім біреулерге бейтаныс болғанымен, спорт сүйер қауым оны жақсы таниды. Себебі ол – шахматтан еліміздің 7 дүркін чемпионы, Қазақстанның тұңғыш халықаралық дәрежедегі гроссмейстері, ҚР құрама командасының капитаны. Мемлекеттен қолдау тауып, әлі миллионер атанбаса да шаһарда шағын және орта бизнесті дамытуға өз үлесін қосып отырған шахматшы.
Гүлісхан Сайфуллинқызының айтуынша, шахматқа деген әуестігі бала кезінен, анасынан дарыған.
– Анам Айдын жас кезінде шахматқа қатты қызыққан екен. Сөйтіп, 6 жасымда шахмат клубына апарды. Тақтаға отырғызды. Басында онша қызыға қоймадым. Бірте-бірте бұл ойын мені тұңғиығына тарта берді. Сөйтіп, 14 жасымда өз жас дәрежем бойынша Қазақстан чемпионы атандым,- Гүлісхан Нахбаева шахмат әлеміне келген сәтін осылай деп еске алды.

Сөзінше, бүгінгі белеске жетуіне бапкерінің де қосқан үлесі зор.
– Бапкерім Григорий Ким «16 жасқа дейін Азия чемпионы атануың керек» деп нақты мақсат қойды. Осы мақсатқа жету үшін аянбай жаттықтым. Және діттеген межеге қол жеткіздім. Жеңіс тұғырынан көрінген сайын, шахматқа деген қызығушылығым да арта түсті. Әсіресе, 16 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионатында 5 орыннан көрінуім осы спортта қалуыма өз септігін тигізді,-дейді ол.
Осылайша Гүлісхан шахмат ойынының жілігін шағып, майын ішкен мықты ойыншылардың біріне айналады. 2011 жылы Лондонда өткен Халықаралық турнирде (1 орын), 2012 жылы Ташкенттегі турнирде және Ыстанбұлда өткен Олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп гроссмейстер атанады. Бұл – кейіпкерімізге шахматтың жаңа әлеміне жол ашып берді десек қателеспейміз. Өйткені, содан соң Гүлісхан үлкен турнирлерге көптеп шақыртулар ала бастапты. Ақылы түрде тәлім алғысы келетіндердің қатары да артқан ұқсайды.
Басында шахматты қызына білімді, ақылды, есепке жүйрек болсын деп серік еткен анасы Гүлісханды мұндай дәрежеге жетіп, әлемдік аренада елінің намысын қорғайды деп ойламаған да. Тіпті, кейіпкеріміздің өзінде де мұндай биік белестен көрінемін деген ой болмапты.

АРМАНҒА БАСТАҒАН ҚАДАМ

–Шахмат – логикалық ойлау қабі­ле­тіңді, күш-жігеріңді арттыратын спорт түрі. Кішкентайынан шахматпен шұғылданған баланың ойлау қабілеті жүйрік, өмірге деген көзқарасы, бағыт-бағдары мүлдем басқаша болады. Шаршы тақтадағы шайқас өліспей беріспейтін өмір үшін күрес секілді. Жеңіске жетіп жатсаң, сенің арманың біртіндеп болса да орындалып жатыр деген сөз. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін шахматқа деген сұраныс ешқашан азаймайды деп ойлаймын, -дейді кейіпкеріміз.
Жастайынан алғыр, белсенді, есепке жүйрік болып өскен ол енді бағын бизнес саласында сынағысы келеді. Дәлірегі кәсіпкерлікке бет бұрып, өзінің шахмат мектебін ашуды армандайды.
– Шынымды айтсам, бір-екі жылда ор­нымды басатын қыздарды көріп тұр­ған жоқпын. Жастардың арасынан тек Би­бісара Асаубаеваның шоқтығы биік. Одан үлкен шахматшы шығады деп ойлаймын. Бірақ спорттың осы түрін алға жылжытатын, дамытатын көптеген қыз-жігіттер керек. Сондықтан да, бізге шахмат мектебі керек деген идея ойымнан шықпай қойды- дейді Гүлісхан.

ӨЗ КӘСІБІМЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІМ

Ендігі кезекте Гүлісханның алға қойған мақсаты Шымкентте шахмат мектебін ашу болды. Әрине, бұл кәсіпті дамыту үшін қолдағы азын-аулақ қаржы жеткіліксіз. Оның үстіне шахматтың қыр-сырын жақсы білсе де, бизнес-жоспарды қалай құру керек екенін, неден бастау керек екенін білмеді. Бірақ, оған арманына айналған идеяны жүзеге асыруға «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен «Даму» ҰӘҚ көмектесіпті.
– Мемлекеттен беріліп жатқан қолдауларды естіп, кәсіпкерлік мектебіне бардым, – дейді ол.
Айтуынша, алдымен тренерлерден кәсіпкерлік сабақтарын алыпты. Одан соң бизнес курстарына қатысқан. Сертификаттарын алған соң инновациялық жобалар бойынша конкурсқа құжат тапсырады. Соның қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 млн. теңге грант ұтып алған. Қаржы қолына тиген сәтте шахматқа қажеттіні алып, өзінің шахмат мектебін ашады.
Бүгінде мектеп қарқынды жұмыс істеп тұр. Өзінің тұрақты оқушылары да бар. Олар шахмат ойынының қыр-сырын меңгеруде.
– Мектебімде бірнеше білікті маман жұмыс істейді. Ара-арасында өзім де барып шеберлік сабағын өткіземін. Барлығын үйрету мүмкін емес, әрине. Дегенмен, қолым қалт еткенде мектептегі талантты, Қазақстан чемпионатында жүлде алып жүрген балалармен партия ойнап, кеңес беріп отырамын,-дейді жас кәсіпкер.
Осылайша, Гүлісхан кәсібін дөңгелетіп табыс тауып қана қоймай, өзінің сүйікті ісімен де айналысып, өскелең жас ұрпақты шахматтың қыр сырына баулып жатқанын айтады. Бір сөзбен айтқанда «бір оқпен екі қоянды атып отыр» ол. Ал мұндай ептілік екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бәлкім кәсібін ұршықша дөңгелетуде де оған шахматтағы ой жүйріктігінің септігі тиіп жатқан болар.
Бұдан бөлек Гүлісхан қаладан, федерациядан, министрліктен стипендия алады екен. Әлем чемпионатына қатысқаны үшін оған 5 мың АҚШ доллары төленеді. Келесі кезеңге өтсе, бұл сомма 7 мыңға ұлғаяды. Әрі қарай ретімен көбейе береді. Ал егер де Ананд, Карлсен секілді әлем чемпионы бол­са, онда 1,5-2 млн долларға ие болады. Барлығын қосқанда мықты деген гроссмейстер жылына 2 млн АҚШ долларын табады екен. Және Гүлісхан бұл бағытта да жұмыс істейтінін жасырмайды. Бірақ, сәл кейінірек. Дәл қазір отбасы мен балалары бірінші орында екенін айтады. Ол өз отанының ошағы, бір әулеттің келіні, күйеуінің аяулы жары, баласының анасы екенін мақтан тұтады. Ал шахматтағы карьерасымен қолға алып отырған кәсібі өз ретімен бола бермек.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №25, 19 маусым 2019 ж