Ағымдағы жылдың маусым айында Сайрам АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз тұлғалар үйінен құны 200 000 теңге тұратын ноутбугын ұрлап кеткенін хабарлайды. Аталған жайт Сайрам АПБ-де сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеледі.
Сайрам АПБ-нің тәжірибелі полицейлерінен қылмысты ашу және пәтер ұрлығының жолын кесу мақсатында жедел-іздестіру тобы құрылады. Жедел-іздестіруші тәртіп сақшылары қылмыс болған жерді мұқият тексеріп шығып, жақын маңдағы аулаларда тінту жұмыстарын жүргізіп және қажетті куәгерлерден сұрастырды. Полицейлер анықтағандай, үйге ұрлыққа түсуші ұрылар, үй иелерінің жоқ кезін пайдаланып, әдетте қылмыстық істерін күндізгі мерзімде жасап отырған.
Сайрам АПБ-нің полицейлері жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ұрлыққа қатысты күдіктіні құрықтады. Күдікті ретінде ұсталған азамат Сайрам ауданының жергілікті тұрғыны болып шықты және бұрында бірнеше рет осы сынды қылмыстарды жасап, сотты болған.
Тергеу барысында жас жігіттің бөтеннің мүлкін ұрлаған осындай 4 жайтқа қатысы бары және жәбірленушіге 700 000 теңгеден астам шығын келтіргені анықталды. 2 ай бұрында күдікті Көмешбұлақ елді-мекені тұрғынының үйіне ұрлықққа түсіп, терезе арқылы кіріп, 200 000 теңгеден астам теңге тұратын алтын бұйымдарын ұрлаған. Содан соң үй ұрысы ұрланған заттарды алыпсатарларға өткізіп, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 188 «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Алынған заттық айғақтардың бір бөлігі заңды иесіне қайтарылып, күдікті қамауға алынды.